Елордада Қазақстан мен Испания арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша семинар өтті
Семинарға екі елдің сарапшылары, мемлекеттік сектор және бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. Негізгі спикерлердің қатарында Испанияның Қазақстандағы елшісі Луис Мартинес Монтес, Қазақстан Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасының м.а. Асан Жәкішев, «Kazakh INVEST» инвестицияларды тарту департаменті директорының орынбасары Әсел Суанқұлова, сондай-ақ «ACIR Southern Europe» президенті Эдуард Гулян бар.
«Қазақстан мен Испания арасындағы бизнес пен инвестициялар мүмкіндіктерін талқылауға арналған бүгінгі семинар – бұл біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, жаңа серіктестіктерді дамытуға және әлеуеті зор жобаларды талдауға арналған бірегей платформа», – деді Асан Жәкішев өз сөзінде.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда испан капиталының қатысуымен 47 компания жұмыс істейді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,8%-ға артық.
«Бұл компаниялар сауда мен автокөлік жөндеуден бастап, ақпараттық технологиялар мен өңдеу өнеркәсібіне дейін әртүрлі салаларда жұмыс істейді. Испандық инвесторлар біздің нарыққа инвестиция салуды жалғастыруда, бұл олардың Қазақстанның экономикалық болашағына деген сенімін растайды», – деп қосты ол.
Сондай-ақ, спикер екі елдің алдында тұрған сын-қатерлерді атап өтті. Әсіресе, ол 2023 жылы Қазақстан мен Испания арасындағы тауар айналымының 22,5%-ға төмендегенін еске салды. Осыған қарамастан, Қазақстанға түскен испандық инвестициялар 33,3%-ға өсті, ал Испанияға түскен қазақстандық инвестициялар 7,8 есе өсті.
«Тауар айналымының қысқаруына қарамастан, екіжақты экономикалық байланыстар қарқынды дамуда. Екі жақтан да инвестициялардың өсуін баса айту өте маңызды. Бұл елдеріміз арасындағы өзара қызығушылық пен сенімділікті көрсетеді», – деді Қазақстан Сыртқы сауда палатасының өкілі.
Испанияның Қазақстандағы елшісі Луис Мартинес Монтес Қазақстан мен Испания арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі семинарда екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтуға баса назар аударды.
«Испания мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың тарихы зор. Осы орайда біз экономикалық және сауда байланыстарымызды кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруға дайынбыз. Елдеріміз бірқатар жобаларда айтарлықтай жетістіктерге жетті және бүгін біз одан да көп әлеуетті көріп отырмыз», – айта кетті Луис Мартинес Монтес.
Қазақстанның инвестициялық климаты
Семинарда сөз сөйлеген «Kazakh INVEST» инвестицияларды тарту департаменті директорының орынбасары Әсел Суанқұлова испандық тарапқа ҚР инвестициялық ахуалын, қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын және ұлттық компанияның инвестицияларды тартудағы жұмысын таныстырды. Директордың орынбасары сондай-ақ испандық компаниялардың Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін дамытуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта Қазақстандағы испандық инвестициялар портфелі бар болғаны $212 млн құрайтын 13 жобадан тұрады. Біз елдеріміз арасындағы әріптестікті одан әрі кеңейту үмітін арта отырып, испандық инвесторларды бірлескен жобалар құруға шақырамыз. Атап айтқанда, сіздің жеңіл өнеркәсіпте технологиялық әзірлемелерді құрудағы біліміңіз бен тәжірибеңіздің бай екенін біле отыра, осы саладағы инвестициялық жобаларды тартуға мүдделіміз», – деді Суанқұлова.
Суды тазарту және тамақ өнеркәсібі секторына ерекше назар аударылмақ
Семинардың негізгі тақырыптарының бірі суды тазарту болды. Бұл саладағы испандық компаниялардың тәжірибесі Қазақстан үшін бағалы.
«Біз суды тазартуға арналған жабдықтар өндірісін жергіліктендіруге, сондай-ақ Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсартуға көмектесетін бірлескен жобаларға мүдделіміз», – деді Жәкішев. Ол қазақстандық тарап мұндай жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде қолдауға дайын екенін қоса айтты.
Сонымен қатар ол тамақ өнеркәсібі секторындағы әлеует туралы айта келе, тамақ өнімдерін қайта өңдеу, жаңа технологияларды енгізу және экспорттық нарықтарды кеңейту бойынша Қазақстанның бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері бар екеніне назар аударды.
Семинар қорытындысы
Іс-шара соңында қатысушылар Испания Сыртқы істер министрінің Қазақстанға алдағы сапарын талқылап, тәжірибе алмасу және іскерлік байланыстарды дамыту алаңына айналатын «Central Asia-Southern Europe Business Club» құру туралы келісті.