Қазақстан мен Еуропалық одақтың экономикалық өзара іс-қимылының негізгі мәселелері талқыланды
2025 жылғы 12 қарашада Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен «Қазақстан–Еуропалық одақ» диалог алаңының он сегізінші отырысы өтті.
Отырысты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі ашып, қатысушыларға құттықтау сөзін арнады. Кездесудің модераторы Еуропалық одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің Елшісі Алешка Симкич болды.
Кездесу барысында Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің елшілері баяндама жасады:
• Германияның Елшісі Моника Иверсен – ашықтық пен нарыққа қолжетімділік, сондай-ақ бәсекелестік үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды;
• Нидерланд Корольдігінің Елшісі Нико Схермерс – тұрақты, болжамды және тартымды инвестициялық ахуалды қалыптастырудағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті;
• Франция Елшісі Сильван Гиоге – заңның үстемдігі, меншік құқығын қорғау және сот шешімдерінің орындалуы тақырыптарын қозғады;
• Швеция Елшісі Стефан Эрикссон – Қазақстандағы іскерлік және инвестициялық ахуалды дамыту үшін қауіпсіз әрі сенімді телекоммуникациялық байланыстың маңыздылығын атап өтті.
Талқылау еуропалық институттар мен компаниялардың өкілдерінің қатысуымен жалғасты. Еуропалық бизнес қауымдастығының (EUROBAK) төраға орынбасары Диас Асанов салық саясаты және бизнес пен мемлекеттің арасындағы сенімді нығайту мәселелерін қозғады. Glovo Қазақстан компаниясының (Испания) бас менеджері Лаура Мартин Алькарас бизнес пен салық органдарының өзара іс-қимылы тәжірибесімен бөлісіп, құқықтық тұрақтылық пен болжамдылықтың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы атынан отырысқа Палата басқарма төрағасының міндетін атқарушы / кеңесші Дана Қасымова қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады. Сондай-ақ мемлекет пен бизнестің тұрақты диалогы экономиканың ашықтығын, инвестициялық тартымдылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды тетігі екені атап өтілді.