Мұрат Қарымсақов Минскіде өткен Қазақстан-Беларусь Іскерлік кеңесінің отырысына қатысты
2026 жылғы 1 қазанда Минскіде Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқармасының Төрағасы Мұрат Қарымсақов пен Беларусь сауда-өнеркәсіп палатасының Төрағасы Михаил Мятликовтың қатысуымен Қазақстан-Беларусь Іскерлік кеңесінің отырысы өтті.
Қазақстандық делегация құрамына машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, логистика, ақпараттық технологиялар және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін компаниялар кірді. Олардың қатарында «АгромашХолдинг KZ», «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ, Global Beverages, BELOSTAN.KZ, RailSolution, D.B Logistics және басқа да компаниялар болды. Отырыс өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, тікелей іскерлік байланыстарды нығайтуға және бірлескен жобаларды іске асырудың практикалық мәселелеріне арналды.
Құттықтау сөз сөйлеген Мұрат Қарымсақов Іскерлік кеңестің екі ел кәсіпкерлерінің өзара іс-қимылына арналған тұрақты алаң ретіндегі рөлін атап өтті.
«Беларусь Республикасы — Еуразиялық экономикалық одақ пен ТМД аясындағы сенімді, стратегиялық және уақыт сынынан өткен серіктесіміз. Бүгін алдымызда нақты міндет тұр: қол жеткізілген тауар айналымы деңгейін сақтап қана қоймай, оны сапалық тұрғыдан жаңа мазмұнмен толықтыру», — деді Мұрат Қарымсақов.

Сөз барысында өнеркәсіптік ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. ҚССП Басқармасының Төрағасы Қазақстанда МТЗ, «Гомсельмаш» және МАЗ техникасын бірлесіп құрастырудың табысты мысалдарын атап өтіп, өндірісті жергіліктендіру деңгейін одан әрі арттыру және технологиялар трансферін дамыту перспективаларын белгіледі.
Ұсынылған бағыттардың қатарында ауыл шаруашылығы техникасы мен жүк автокөліктерін ұсақ тораптардан құрастыруды дамыту, қазақстандық кәсіпорындарда құрамдас бөлшектер өндіру, жолаушылар электр көлігі мен коммуналдық арнайы техника саласындағы бірлескен жобалар бар. Сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азия нарықтарына экспорттауға арналған өнімді бірлесіп өндіру әлеуеті атап өтілді.
Мұрат Қарымсақов бірлескен жұмысты талап ететін практикалық мәселелерді де көтерді. Олар — көлік-логистикалық шектеулер, техникалық және реттеушілік кедергілер, қаржылық есеп айырысу мен сыртқы сауда келісімшарттарын банктік сүйемелдеудегі қиындықтар. Ықтимал шешімдер ретінде рұқсат құжаттарымен алмасуды цифрландыру, мультимодальды бағыттарды оңтайландыру, сәйкестікті растау рәсімдерін жеңілдету және бірлескен жобаларды қаржыландыру мен сақтандыру үшін даму институттарының құралдарын кеңінен пайдалану ұсынылды.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы екі елдің өндірістік алаңдары мен индустриялық аймақтарына баруды көздейтін нысаналы B2B-миссияларды жандандыру, Үкіметаралық комиссия отырыстарында қарау үшін бизнестің практикалық кедергілерінің тізілімін қалыптастыру, сондай-ақ бірлескен инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мақсатында ҚССП мен Беларусь сауда-өнеркәсіп палатасы базасында тұрақты жұмыс істейтін Консультативтік орталық құру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Отырыстың іскерлік бағдарламасы Беларусь тауарларының импортын қаржыландыру мәселелерін және «Бәйтерек» холдингінің халықаралық кооперациядағы рөлін де қамтыды. Екі ел компанияларының өкілдері үшін кәсіпорындардың көрме стендтерінде B2B-келіссөздер өткізу қарастырылды.
Іскерлік кеңестің отырысы жалпы сомасы шамамен 80 млн доллар болатын келісімдерге қол қою рәсімімен аяқталды. Қол қойылған құжаттар «Брестский мясокомбинат» ААҚ, «Молочный Мир» ААҚ және «BELOSTAN.KZ» ЖШС арасында 2027 жылға Қазақстанға ет және сүт өнімдерін жеткізуді, «БОРКОФ-АГРО» ЖШҚ мен OptimTech арасында Қазақстанда резеңке еден жабындарын өндіру жобасын іске асыруды, «БАЗ» компаниялар тобы мен KSP Steel арасында техникалық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды, сондай-ақ «Белорусский металлургический завод» ААҚ мен KSP Steel арасындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Бұдан бөлек, «ЭРСИЭМ» ЖШҚ мен Astana Motors арасында қазақстандық коммерциялық автокөліктерді жеткізу, «Завод Бульбашъ» ЖШҚ мен «Казах Трейд Хаус» ЖШҚ арасында қазақстандық алкоголь өнімдерін жеткізу туралы сауда келісімдері, сондай-ақ «Спецжелезобетон» ААҚ мен TemirWay арасында маркетингтік зерттеулер, тауарларды ілгерілету және өткізу саласындағы серіктестік келісім жасалды.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Іскерлік кеңес жұмысына қатысуы қазақстандық кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтуге, өндірістік кооперацияны дамытуға және беларусьтік серіктестермен өзара тиімді жобаларды іске асыруға жәрдемдесуге бағытталған.