ҚССП Азия даму банкімен іскерлік ахуал және шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері бойынша кездесу ұйымдастырды
Астанада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының ұйымдастыруымен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен Азия даму банкінің (АДБ) делегациясы арасында кездесу өтті. 20 қазанда Ұлттық палата алаңында өткен кездесу іскерлік ахуалды жақсарту және шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналды.
«Атамекен» ҚР ҰКП тарапынан кездесуге Бизнесті реттеу департаментінің директоры Динара Акынбекова, департамент директорының орынбасары Анжелика Глебова, Өңірлер мен шағын және орта бизнесті дамыту департаментінің директоры Ксения Семенчук, Қаржы секторы департаменті директорының орынбасары Айнур Тажибаева қатысты.
АДБ делегациясының құрамында мемлекеттік сектор мәселелері жөніндегі экономист Джейсон П. Лопес, мемлекеттік сектор мәселелері жөніндегі маман Ганзул Эрдэнэбал және ұлттық консультант Ерлан Хасенбеков болды.
Іскерлік ахуалдың қазіргі жағдайын талқылау барысында Динара Акынбекова соңғы бірнеше жылда Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайларды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бизнес ашу жеңілдегенімен, одан әрі шешуді талап ететін реттеушілік және әкімшілік мәселелер әлі де бар. Оның айтуынша, кәсіпкерлік субъектілері санының өсуі негізінен шағын бизнес, оның ішінде жеке кәсіпкерлер есебінен қамтамасыз етілуде. Осыған байланысты іскерлік ахуалды бағалау кезінде бизнесті ашудың жеңілдігін ғана емес, оның одан әрі жұмыс істеу жағдайларын да ескеру қажет.
Қатысушылар сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың негізгі мәселелерін, соның ішінде қаржыландыру мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті қарастырды. Бизнесті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шараларының тиімділігіне және оларды ұсыну тетіктерін жетілдіру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында тараптар алдағы үш-бес жылға арналған бизнесті реттеу және ШОБ-ты қолдау саласындағы реформалардың басым бағыттарын, сондай-ақ Азия даму банкімен ынтымақтастық перспективаларын талқылады.