bg
bg

Сингапурлық бизнес-өкілдермен өткен дөңгелек үстел

img

2025 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Алматы қаласындағы «Атамекен» ҰКП-ның Өңірлік кеңсесінде Қазақстан мен Сингапурдың іскер топтары өкілдерінің кездесуі өтті. Сингапур тарапынан делегацияны «Singapore Business Federation» (SBF) халықаралық бизнес жөніндегі атқарушы директоры Саманта Тео ханым бастап келді.

Анықтама үшін: «Singapore Business Federation» (SBF) — Сингапурдағы ең ірі бизнес палатасы, құрамында 30 мыңнан астам компания мен бірқатар жетекші жергілікті және шетелдік бизнес бірлестіктер бар. 2001 жылы құрылған бұл ұйым Сингапур бизнес қауымдастығының мүдделерін қорғауға бағытталған. SBF қызметі сауда, өнеркәсіп пен инвестиция салаларын қамти отырып, бизнес өсімі мен тұрақтылығын қолдау мақсатында түрлі іс-шаралар, оқыту курстары мен семинарлар өткізумен айналысады.

Сингапур делегациясы білім беру, инжиниринг және құрылыс, логистика, цифрлық маркетинг, коммуникациялар мен дизайн, аэроғарыш техникасы, зертханалық және биофармацевтикалық жабдықтарды өндіру мен тарату және басқа да салаларда жұмыс істейтін жетекші компаниялармен ұсынылды. Атап айтқанда, «Smartli», «Jurong Cold Store», «Geopost Southeast Asia», «Flare Dynamics», «Kingsmen Exhibits», «Enterprise Singapore», «Auxilio Studio», «Speco Singapore», «LKP Engineering», «Esco Lifesciences Group», «Silver Dragon Resources Singapore», «One Good Nation», «I Can Read», «Anu Shroff Pte Ltd», «BIPO Service», «The Global Citizen» компаниялары қатысты.

Іс-шара модераторы Серік Әміровтың айтуынша, Сингапур – АСЕАН аймағындағы Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Ресми деректерге сәйкес, 2023 жылы екіжақты тауар айналымы 1,8 млрд АҚШ долларына жетсе, Сингапурдан Қазақстанға бағытталған шетелдік инвестициялар көлемі 457,5 млн АҚШ долларынан асты. 2024 жылдың 10 айында екі ел арасындағы сауда көлемі 805,8 млн долларды құрады. Ал 2024 жылдың алғашқы жартысында Сингапурдан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 555,6 млн АҚШ долларына жетіп, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 119%-ға өсті. Соңғы 10 жылда бұл көрсеткіш 2,2 млрд АҚШ долларына жуықтады.

2025 жылғы 1 наурызда күшіне енген Қазақстан мен Сингапур арасындағы қызметтер саудасы және инвестициялар жөніндегі келісім екіжақты экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға серпін беретіні сөзсіз.

Бүгінде Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі, ақпараттық технологиялар, құрылыс, қаржы және өзге де салаларда 162 бірлескен қазақстан-сингапур кәсіпорны жұмыс істеуде.

Атап айтқанда:

• Сингапурлық «Surbana Jurong» компаниясы Алматы облысындағы «Алатау Сити» жобасының бас жоспарын әзірледі.

• «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ мен PSA International арасында Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту аясында серіктестік әлеуеті зор.

• «International Cement Group» компаниясы Алматы және Абай облыстарында цемент зауыттарын салу жобаларын сәтті жүзеге асырды.

• «Food Empire» компаниясы Жетісу өңіріндегі «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында ерігіш кофе шығаратын зауыт салуға инвестиция салды.

• «Gateway Ventures» мұнай-газ саласында белсенді жұмыс жүргізуде.

• «Kingsmen Exhibits» Алматы қаласында балаларға арналған Ғылым музейін салу жобасын іске асыруда.

Кездесу барысында «Атамекен» ҰКП сингапурлық компанияларға Қазақстанмен іскерлік байланыстар орнату, инвестициялар мен технологияларды тарту бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, «Singapore Business Federation»-мен тығыз ынтымақтастық Қазақстандық компанияларға Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына шығуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу аясында өткен B2B келіссөздер нәтижесінде қазақстандық және сингапурлық компаниялар арасында бірқатар бірлескен жобаларды іске асыру бойынша алдын ала уағдаластықтарға қол жеткізілді.

«Атамекен» ҰКП-ның қолдауымен өткізілетін мұндай кездесулер — шынайы «Business Junction» алаңдары болып табылады және Қазақстанның халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық платформасын кеңейтуге нақты үлес қосуда.

view 207
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.