

Кипрлік делегация Қазақстанға тікелей іскерлік байланыстар орнату үшін келді

2025 жылғы 23 қыркүйекте Астанада Қазақстанның сыртқы сауда палатасы (ҚССП) өкілдері мен Кипрдің Successful Business Leaders Club (SBL Club) делегациясының кездесуі өтті. Кипрлік делегация құрамына корпоративтік қаржы, инвестиция, құқық, консалтинг, сұлулық пен денсаулық индустриясы, сондай-ақ халықаралық бизнес-коммуникациялар салаларын таныстыратын компаниялардың иелері мен басшылары кірді.
ҚССП тарапынан кездесуге Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Диана Жақутова және Коммерциялық қызмет департаменті директорының орынбасары Мадина Есдәулетова қатысты. Сондай-ақ, кездесуге «Атамекен» ҰКП-ның бизнес-реттеу департаментінің қызметкерлері қатысты.
Кипрлік делегация Қазақстанға екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеу, тікелей іскерлік байланыстар орнату және бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында келді. Келіссөздер барысында мына бағыттарда өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары талқыланды: кәсіби тәжірибе алмасу және заңгерлік пен консалтингтік компаниялар арасындағы әріптестіктерді дамыту, инвестициялар тарту және бірлескен қорлар құру, өнімді дистрибуциялау мен өндіру, оның ішінде ЕО стандарттарына сәйкес косметика шығару, сондай-ақ бизнес-миссияларды ұйымдастыру және халықаралық көрмелер мен форумдарға қатысу.
Қатысушылар ерекше назарды ҚССП Коммерциялық қызмет департаментінің қызметіне аударды. Бұл департамент Палатаның негізгі құрылымдарының бірі болып табылады. Оның жұмысы қазақстандық және шетелдік компанияларға халықаралық сауда мен ынтымақтастықтың заманауи құралдарына қол жеткізуге, сыртқы экономикалық операциялар бойынша кеңес алуға, сертификаттау мен логистикаға, сондай-ақ ATA Carnet арқылы тауарларды уақытша әкелу және әкетуге қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, департамент белсенді түрде B2B және B2G кездесулерін ұйымдастырады, бизнестің мемлекеттік және гранттық бағдарламаларға қатысуына ықпал етеді және компанияларды халықаралық нарықтарға шығу барысында сүйемелдейді.
Кездесу соңында тараптар одан әрі ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтті. Кипрлік компаниялар үшін Қазақстан – Орталық Азияның серпінді дамып келе жатқан нарығына қол жеткізу мүмкіндігі, ал қазақстандық кәсіпорындар үшін Кипр Еуропа мен Жерорта теңізі кеңістігіне сенімді көпір бола алады. Тараптар бірлескен жұмысты жалғастыруға және екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды тереңдетудің практикалық тетіктерін әзірлеуге ниет білдірді.