bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Қазақстан мен Оман іскерлік...

Қазақстан мен Оман іскерлік әріптестікті нығайтуда

img

Астанада 2026 жылғы 6 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариктің қатысуымен Қазақстан–Оман бизнес-форумы өтті. Форум Оман мемлекеті басшысының Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылып, екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын дамытуға арналды.

Іс-шара Қазақстан мен Оманның сауда палаталары, даму институттары, инвестициялық құрылымдары мен компанияларының өкілдерін біріктірді. Форум аясында B2B кездесулер, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі, агроазық-түлік саудасы, көлік-логистика жүйелерін дамыту және жасыл энергетика мәселелеріне арналған панельдік сессиялар өтті.

Форумның ашылуында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов сөз сөйледі. Ол жоғары деңгейдегі екіжақты қатынастардың дамуы бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын, ал іскерлік қауымдастықтардың басты міндеті нақты сауда және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға көшу екенін атап өтті.

«Біздің басты міндетіміз — жоғары деңгейдегі диалогты нақты сауда және инвестициялық әріптестікке ұластыру. Қазақстан–Оман Іскерлік кеңесі Астана мен Маскаттың іскерлік қауымдастықтарын байланыстыратын берік көпірге айналатынына сенімдімін», — деді Мұрат Қарымсақов.

Өз сөзінде Мұрат Қарымсақов ынтымақтастықтың төрт басым бағытын айқындады: азық-түлік қауіпсіздігі мен агробизнес, инвестициялар және инвесторларды қолдау, көлік пен логистика, энергетика және жасыл технологиялар.

Агроазық-түлік саласында ол Қазақстанның Оман мен Парсы шығанағы елдеріне бидай, ұн, ет және органикалық өнім жеткізілімдерін ұлғайтуға дайын екенін атап өтті. Оман порттары қазақстандық тауарлардың Таяу Шығыс пен Шығыс Африка нарықтарына шығуына мүмкіндік беретін перспективалы тарату орталықтары ретінде қарастырылды.

Бірлескен бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыру үшін ҚССП Басқарма төрағасы Іскерлік кеңес жанынан ауыл шаруашылығы, логистика, энергетика және табиғи ресурстар бағыттары бойынша бейінді жұмыс топтарын құруды ұсынды. Олардың қызметі талқылаудан келісімдерді дайындау мен жасасуға көшуді жеделдетуге мүмкіндік береді.

Қазақстандағы омандық инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау көрсетуге, сондай-ақ «Солтүстік — Оңтүстік» халықаралық дәлізін, ASYAD тобының инфрақұрылымын және Сохар, Салала мен Дукм порттарын пайдалана отырып, көлік бағыттарын дамытуға ерекше назар аударылды. Қазақстандық кәсіпорындардың мүмкіндіктерімен тікелей танысу үшін Оман бизнесі өкілдерінің нысаналы сапарларын ұйымдастыру ұсынылды.

Энергетика саласында жаңартылатын энергия көздері, жасыл сутегі, таза технологиялар және декарбонизация бойынша бірлескен жобалар перспективалы бағыттар ретінде белгіленді.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 5 қазанда «Атамекен» ҚР ҰКП мен Оманның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында Қазақстан–Оман Іскерлік кеңесін құру туралы келісімге, сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Оманның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Қол қойылған құжаттар салынған папкалармен алмасу рәсімі бүгін Қазақстан–Оман бизнес-форумы аясында өтті.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы тікелей іскерлік байланыстарды дамытуға жәрдемдесуге және өзара сауда мен инвестициялық әріптестікті кеңейтуге бағытталған бастамаларға қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

view 78
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.