

Қазақстан мен Моңғолия экономикалық әріптестікті нығайтуда: Астанада Іскерлік кеңестің Екінші отырысы өтті

2025 жылғы 5 қыркүйекте Астанада Қазақстан-Моңғолия Іскерлік кеңесінің Екінші отырысы өтті. Ол сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мен жаңа бірлескен бастамаларды іске қосуға арналған маңызды алаңға айналды. Кездесудің негізгі тақырыптары өзара сауданы кеңейту, өнеркәсіптік кооперация және көлік-логистикалық бағыттарды дамыту болды.
Отырысқа екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес-қоғамдастығының жоғары лауазымды өкілдері қатысты. Олардың қатарында – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алмас Сейтақынов, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, Моңғолияның Ұлы мемлекеттік хуралының төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгалан және Моңғолия Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Лхагважав Баатаржав болды.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Моңғолияның мемлекеттік құрылымдарының, салалық қауымдастықтарының және жетекші компанияларының өкілдері қатысты. Олардың ішінде – «KazakhInvest» АҚ, «KazakhExport» АҚ, «QazTrade» АҚ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «KazFerroSteel» ЖШС, «Кастинг» АҚ, сондай-ақ моңғолиялық серіктестер: Моңғолияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасы, Моңғолия сақтандыру нарығы қауымдастығы, «Их Урчин» ЖШС және басқалар.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қазанда Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапары барысында Қазақстан-Моңғолия қарым-қатынастарының стратегиялық маңызын атап өтіп, экономикалардың өзара толықтырылуын ортақ даму үшін пайдаланудың қажеттілігін айтқан болатын. Бүгінгі отырыс осы бағыттың нақты дәлелі болды.
Отырыс аясында келісімдерге қол қою рәсімі өтті:
• Моңғолия сақтандыру нарығы қауымдастығы мен Қазақстан сақтандырушылар қауымдастығы арасында;
• «СЭЭКЛ» ЖШС мен «Пладис Қазақстан» ЖШС арасында;
• «Musubi» ЖШС мен «Меломан Home Video» ЖШС арасында.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов атап өтті: «Бүгінде Қазақстан бизнес пен бірлескен жобаларды дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасап отыр. Металлургия, тамақ өнеркәсібі, аграрлық сектор, логистика және туризм – біз айтарлықтай әлеует көріп отырған салалар. Іскерлік кеңес тікелей диалог орнатып, нақты бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға арналған бірегей алаң болып табылады. Біз моңғол әріптестерімізді Қазақстанда белсенді жұмыс істеуге, еліміздің нарықтық мүмкіндіктерін пайдалануға және ынтымақтастықтың бірлескен тетіктерін іске қосуға шақырамыз. Өз кезегінде, Іскерлік кеңестің тиімді жұмысы елдеріміз арасындағы тауар айналымының өсуіне және бизнес үшін жаңа тоғысатын нүктелердің қалыптасуына ықпал ететін болады».
Талқылаудың жеке бөлігі өнеркәсіптік кооперацияға арналды. Қазақстанның металлургиялық компаниялары моңғол өнеркәсібіне өнімдерін белсенді жеткізіп келеді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «KazFerroSteel» ЖШС және «Кастинг» АҚ сияқты кәсіпорындар ынтымақтастық орнатқан. Олардың металл өнімдері Моңғолияның тау-кен, құрылыс және машина жасау салаларында қолданылады.
Сонымен бірге Қазақстан өңірлік транзиттік-логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайтып келеді. «KTZ Express» АҚ, «КедентрансСервис» АҚ және «AsiaTransRail» ЖШС компаниялары көлік бағыттарын дамытып, жүк ағындарын ұлғайтып және тауарларды жедел жеткізуді қамтамасыз етуде. Шекаралық рәсімдерді жеңілдету және инфрақұрылымды жаңғырту сауда мен транзит үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық байланыстар тұрақты оң серпін көрсетіп отыр. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 123,9 млн АҚШ долларын құрады, ал 2025 жылғы қаңтар–шілде аралығында бұл көрсеткіш 74 млн АҚШ долларына жетті. Қазақстан Моңғолияға дәнді дақылдар, ұн, майлы дақылдар және машина жасау өнімдерін белсенді экспорттап отыр, ал кері бағытта ет, кашемир және жеңіл өнеркәсіп бұйымдары жеткізіледі.