bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Қазақстан мен Литва...

Қазақстан мен Литва логистика, өнеркәсіп және инвестиция салаларындағы іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуде

img

 

Астанада екі елдің мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдерін біріктірген Қазақстан-Литва Іскерлік кеңесінің отырысы және бизнес-форум өтті. Қатысушылар көлік бағыттарын дамыту, өзара сауда көлемін ұлғайту, инвестициялық жобаларды іске асыру және технологиялық шешімдерді енгізу перспективаларын қарастырды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы, Қазақстан-Литва Іскерлік кеңесінің қазақстандық бөлігінің төрағасы Мұрат Қарымсақов қатысты. Литва тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Криступас Вайтекунас, Литваның Қазақстандағы Елшісі Эгидиюс Навикас, Іскерлік кеңестің литвалық бөлігінің төрағасы Ромас Аустинскас, Клайпеда мемлекеттік теңіз портының бас директоры Альгис Латакас және бизнес өкілдері қатысты.

Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Мұрат Қарымсақов мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы жүйелі диалогтың маңызын атап өтті. Екіжақты экономикалық күн тәртібін нақты істермен толықтыруда Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Қазақстан-Литва Іскерлік кеңесі маңызды рөл атқарады.

«Біз тауар айналымын ұлғайту әлеуетін көлік пен логистиканы дамыту арқылы ғана емес, өнеркәсіп, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты салалар арқылы да арттыруымыз қажет. Қазақстан мен Литва арасындағы қарым-қатынастардың әлеуеті зор және біз елдеріміз арасындағы әріптестікті нығайтуға бейілміз», — деп атап өтті Мұрат Қарымсақов.

Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық оң серпін көрсетіп отыр. 2026 жылдың жеті айында Қазақстан мен Литва арасындағы тауар айналымы 6,4%-ға өсіп, 78 млн АҚШ долларын құрады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Литвадан Қазақстанға тартылған инвестициялар көлемі 18%-ға артып, шамамен 12 млн АҚШ долларына жетті. Қазақстан Литваға минералдық ресурстарды, тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін экспорттайды. Литвадан машиналар, жабдықтар, химия өнімдері мен жеңіл өнеркәсіп тауарлары жеткізіледі.

Қазақстанда Литва капиталының қатысуымен 170-тен астам компания тіркелген. Олар көлік және логистика, құрылыс, сақтандыру, өңдеу өнеркәсібі және жылжымайтын мүлік салаларында жұмыс істейді. Олардың қатарында Everwest Group, LTG Cargo, Sigma Telas, Libella Bottlers Almaty, Trevio, «ТЛ Ника» және Cargoline Kazakhstan бар.

Көлік пен логистика екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. 2026 жылдың сегіз айында теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемі 93 мың тоннаны құрады. Ал транзит көлемі 34 мың тоннаға жетіп, 2025 жылдың толық көрсеткішінен — 25,7 мың тоннадан асты. Автомобильмен жүк тасымалдауда да өсім байқалды: 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тасымал көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 61%-ға артып, 127 мың тоннадан асты. Осы кезеңде транзиттік тасымал көлемі 6,3 есе өсіп, 60,5 мың тоннаға жетті.

Оң серпінді сақтау және кедергісіз транзитті қамтамасыз ету үшін ҚССП басшысы рұқсат бланкілерінің тепе-теңдік негізіндегі квотасын ұлғайту, сондай-ақ E-Permit электрондық рұқсаттарын енгізу мәселелерін қарастыруды ұсынды. Мұндай шешімдер рәсімдердің ашықтығын арттырып, екі елдің тасымалдаушыларының жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Теңіз және порт инфрақұрылымы саласындағы өзара іс-қимыл ынтымақтастықтың жеке бағыты болып табылады. Инвестициялық әріптестіктің бір мысалы — қазақстандық HILL Group компаниясының Клайпедадағы жобасы. Компания құны 100 млн еуродан асатын пайдаланылған майларды регенерациялау және майлау материалдарын араластыру жөніндегі өндірістік кешеннің құрылысын жүзеге асыруда. Кешеннің жобалық қуаты жылына 150 мың тоннаға дейін майлау материалдарын араластыруға және 60 мың тоннаға дейін майды қайта өңдеуге есептелген. Жобаны іске асыру отандық бизнестің Еуропалық одақ пен Солтүстік Еуропа елдерінің нарықтарына шығу мүмкіндіктерін кеңейтіп, екі ел арасындағы өнеркәсіптік және сауда-экономикалық әріптестікті нығайтады.

Бизнес-форум аясында литвалық компаниялардың жүк тасымалы, кедендік сүйемелдеу, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіптік жабдықтар, энергия ресурстарын цифрлық есепке алу және басқару салаларындағы шешімдері таныстырылды. Қазақстандық компаниялар да өз мүмкіндіктерін ұсынды. Бағдарлама тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және ынтымақтастық бағыттарын пысықтауға арналған жеке B2B-кездесулермен жалғасты.

 

 

 

view 46
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.