bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Қазақстан мен Бельгия...

Қазақстан мен Бельгия іскерлік әріптестікті нығайтуда: келісімдерден бірлескен жобаларға

img
13 Қазан 2026

Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Бельгия Королі Филипп пен Патшайымы Матильданың қатысуымен Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысы өтті. Іс-шара Бельгия корольдік жұбының Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылып, екі елдің іскер топтарының өкілдерін біріктірді.

Іскерлік кеңестің ашылуында мәртебелі қонақтардың қатысуымен «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев сөз сөйледі. Ол Бельгия Королі мен Патшайымы сапарының тарихи маңызын атап өтіп, екіжақты қатынастарды дамыту сауда және инвестициялық нәтижелермен ұштасуы тиіс екенін айтып өтті.

«Бельгия Королі мен Патшайымының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары – шын мәнінде тарихи оқиға. Екі елдің іскерлік қоғамдастықтары үшін бұл, ең алдымен, ниеттен нақты іске көшетін уақыт келгенінің айқын белгісі. Түпкі мақсат келісімдерге қол қоюдың өзі емес, нақты тауар жеткізілімдері, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары, жаңа жұмыс орындары мен бірлескен инвестициялар болуы тиіс. Біз Іскерлік кеңесіміздің тиімділігін дәл осы нәтижелер арқылы бағалаймыз», – деді Қанат Шарлапаев.

Отырыс қарсаңында қазақстандық және бельгиялық серіктестер ынтымақтастық туралы 16 құжатқа қол қойды. Оның тоғызы агроөнеркәсіптік кешенге қатысты. Қол жеткізілген уағдаластықтар ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді, озық технологияларды енгізуді, қайта өңдеу өндірістерін дамытуды, құрылыс пен медициналық технологиялар салаларын қамтиды.

Негізгі нәтижелердің бірі – бельгиялық Vandeputte, Scaldis және Linagro компанияларының қазақстандық зығыр тұқымын сатып алу жөніндегі алты келісімі. Қазақстан – Еуропалық одаққа зығыр тұқымын жеткізетін жетекші елдердің бірі, ал Бельгия осы бағытта Қазақстанның ЕО-дағы ең ірі серіктесі саналады.

Қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға ерекше назар аударылды. De Smet компаниясымен Қостанай облысында бидайды терең өңдеу зауытына арналған инжиниринг және жабдықтар бойынша негіздемелік келісімге қол қойылды. Desmet Ballestra компаниясымен Петропавл қаласындағы өсімдік майларын тазарту зауытын кеңейту үшін жабдық жеткізу туралы, ал Dewulf компаниясымен картоп шаруашылығын жаңғырту жөнінде келісім жасалды.

Ынтымақтастық құрылыс және денсаулық сақтау салаларын да қамтиды. Қазақстандық ARTEX Holding пен бельгиялық DOREARCHITECTURE компаниялары Қазақстанда экологиялық таза құрастырмалы үйлер шығаратын зауыт құру және кейіннен оның модульдерін Еуропаға экспорттауға уағдаласты. Медициналық технологиялар саласында Alatau City мен Ion Beam Applications (IBA) компаниясы протондық терапия жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге кіріседі.

Қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыру үшін Қанат Шарлапаев алдағы бірлескен жұмыстың үш бағытын ұсынды.

Бірінші бағыт қол қойылған құжаттардың орындалуын сүйемелдеу, жаңа серіктестер іздеу және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау үшін екі елдің палаталарында жауапты үйлестірушілерді тағайындауды көздейді.

Екінші бағыт бельгиялық бизнес-бірлестіктермен Қазақстан мен Бельгия нарықтарына шығуға мүдделі компанияларға арналған практикалық нұсқаулық әзірлеуді, сондай-ақ іске асырудың нақты кезеңдері мен жауапты тараптары айқындалған басым бірлескен жобалар портфелін қалыптастыруды қарастырады.

Үшінші бастама тікелей іскерлік байланыстарды кеңейту және ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін анықтау мақсатында бельгиялық кәсіпкерлердің Қазақстанға тұрақты сауда миссияларын ұйымдастыруға бағытталған.

«Іскерлік кеңестің бүгінгі отырысы қазақстандық және бельгиялық серіктестер арасындағы ынтымақтастықтың негізін қалап қана қоймай, екі елдің сауда әріптестігін нығайтатын нақты нәтижелерге де қол жеткізді. Негізгі жұмыс ертең басталады: ендігі міндет – осы құжаттарды нақты жеткізілімдерге, технологиялар трансферіне және жұмыс істейтін өндіріс орындарына айналдыру», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.

Қатысушыларға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов та жылы лебізін білдірді. Ол палаталардың бірлескен күш-жігерімен құрылған Іскерлік кеңестің бизнесті қолдау және ұзақ мерзімді әріптестікті дамытудағы рөліне тоқталды.

«Іскерлік кеңестің басты міндеті – мемлекеттеріміз басшылары арасындағы сенімді саяси диалогты нақты әрі өзара тиімді сауда және инвестициялық жобаларға айналдыру. Біз шикізат экспортынан ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін бірлескен кәсіпорындар құруға көшу арқылы ынтымақтастықты нығайтуды ұсынамыз. Іскерлік кеңес «бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске жүйелі институционалдық қолдау көрсетеді», – деді Мұрат Қарымсақов.

Іскерлік бағдарлама аясында Қазақстан мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарын, оның ішінде Орта дәліз бен мультимодальды тасымалдарды дамыту, агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігі мен орнықтылығын арттыру үшін бельгиялық агротехнологияларды қолдану, сондай-ақ IBA, Le Pain Quotidien және Waterleau бельгиялық компанияларының Қазақстандағы табысты тәжірибесіне арналған панельдік сессиялар өтті.

Отырыс кәсіпкерлер арасында тікелей байланыстар орнатуға және жаңа бірлескен жобаларды дамытуға бағытталған B2B кездесулерімен аяқталды.

view 88
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.