

Қазақстан мен Иордания ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін Іскерлік кеңестің отырысында талқылады

2025 жылғы 19 тамызда Қазақстан-Иордан Іскерлік кеңесінің IV отырысы онлайн-форматта өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Иорданиядағы Елшілігінің қолдауымен Қазақстанның сыртқы сауда палатасы ұйымдастырды. Іскерлік кеңес екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес-қоғамдастығының өкілдерін біріктіріп, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді.
Қазақстанның сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақов құттықтау сөз сөйледі. Ол іскерлік байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, бұл отырыс екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың маңызды кезеңі болатынына сенім білдірді: «Иордания – Қазақстанның Таяу Шығыстағы стратегиялық тұрғыдан маңызды серіктесі. Біздің елдерімізді достықтың, өзара құрмет пен әріптестіктің берік байланыстары біріктіреді. Бүгінгі кездесу – тек бірлескен күш-жігеріміздің кезекті қадамы ғана емес, сонымен қатар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды белес. Бизнес-қоғамдастықтар арасындағы диалог өзара тиімді жобаларға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенемін».
Иордания тарапынан құттықтау сөзін Сенатор, Иордания Сауда палатасының Төрағасы Халил Мохаммад Эльхадж Тауфик жеткізді. Кеңес жұмысына сондай-ақ Иордания Фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығы, Иордания Сауда палатасы, Амман Сауда палатасы, Иордания Логистика қауымдастығы, Финик өндірушілер қауымдастығы және Иордания Сауда палатасының Туризм комитеті қатысты.
Қазақстан тарапынан «Kurt Med Service» ЖШС (фармацевтика), Kusto Logistics, Astana Business Aviation, Теңіз көлігі кәсіпкерлерінің қауымдастығы (логистика), «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС (ауыл шаруашылығы), «Қазақ Туризм» ҰК» АҚ, Ұлттық туристік индустрия қауымдастығы және Arala Travel (туризм) сияқты компаниялар мен ұйымдар қатысты.
Отырыста фармацевтика, сауда және логистика, агроөнеркәсіптік кешен мен туризм салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары қарастырылды. Әсіресе бірлескен жобаларды дамыту, экспорттық-импорттық операцияларды әртараптандыру, сондай-ақ кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел экономикасының негізгі салаларында ынтымақтастықты дамыта отырып, әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады.