Қазақстан мен Черногория іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуде: Астанада екі ел бизнесінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті
Астана, 2026 жылғы 19 маусым – Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Черногорияның Сауда-өнеркәсіп палатасы бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстан – Черногория» дөңгелек үстелі Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» алаңында өтті. Іс-шара Черногория Президенті Яков Милатовичтің Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында ұйымдастырылып, екі елдің іскерлік қауымдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға арналған маңызды алаңға айналды.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан мен Черногорияның мемлекеттік органдарының, ұлттық компанияларының, даму институттарының, салалық бірлестіктері мен бизнес өкілдері қатысты.
Іс-шара қатысушыларына Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов пен Черногорияның Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Нина Дракич құттықтау сөз сөйледі.
Дөңгелек үстелді ашқан Мұрат Қарымсақов бұл кездесудің қазақстандық-черногориялық іскерлік қатынастарды дамытудағы тарихи маңызын атап өтіп, оның екі ел кәсіпкерлері арасындағы практикалық өзара іс-қимылдың жаңа кезеңін бастайтынын айтты.
Қатысушылар туризм, инвестициялар, құрылыс және жылжымайтын мүлік, логистика мен теңіз тасымалы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына ерекше назар аударды.
Іскерлік бағдарлама аясында екі елдің туристік және инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Қазақстан тарапынан «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов пен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өкілдері шетелдік инвесторлар үшін мүмкіндіктер мен экономикалық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын таныстырды. Черногория тарапынан Ұлттық туристік ұйым мен Черногория Инвестициялық агенттігінің өкілдері баяндама жасады.
Іс-шараның негізгі бөлігі салалық бизнес-диалогтар болды. Оның барысында екі ел компанияларының өкілдері туризм және қонақүй бизнесі, құрылыс пен девелопмент, көлік-логистика саласы, цифрлық технологиялар және ауыл шаруашылығы бағыттарындағы өзара іс-қимылдың нақты мүмкіндіктерін талқылады. Тікелей диалог форматы қатысушыларға тәжірибе алмасуға, өз жобаларын таныстыруға және болашақ ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Мұрат Қарымсақов Қазақстанның Черногорияны Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы перспективалы серіктес әрі еуропалық нарықпен байланыстарды дамыту үшін маңызды алаң ретінде қарастыратынын атап өтті. Өз кезегінде Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономиканың мүмкіндіктерін, қолайлы инвестициялық ахуалды, дамыған транзиттік инфрақұрылымды және Еуразиялық экономикалық одақ нарығына қолжетімділікті ұсына алады.
Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қазақстан бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық транзиттің шамамен 70 пайызын қамтамасыз етіп, Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді түрде дамытып келе жатқаны атап өтілді. Осы тұрғыда Адриатика өңіріндегі маңызды порттық инфрақұрылымға ие Черногориямен ынтымақтастық халықаралық тасымалдарды дамытуға және жаңа логистикалық тізбектерді қалыптастыруға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Дөңгелек үстелдің маңызды оқиғаларының бірі Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Черногорияның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды.
Құжат екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға, бірлескен бизнес-миссиялар мен B2B-кездесулер ұйымдастыруға, коммерциялық ақпарат алмасуға, инвестициялық және экспорттық жобаларды ілгерілетуге, сондай-ақ Қазақстан мен Черногорияның іскерлік топтары арасында тұрақты институционалдық диалог қалыптастыруға бағытталған.
Меморандумға қол қою екіжақты экономикалық байланыстарды нығайту және Қазақстан мен Черногория арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін қолайлы жағдайлар жасау жолындағы кезекті маңызды қадам болды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар іскерлік байланыстарды кеңейтуге, палаталар арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға және екі ел арасындағы экономикалық әріптестікті нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға өзара мүдделілік танытатынын растады.
Дөңгелек үстел екіжақты B2B-кездесулермен аяқталды. Оның барысында компания өкілдері ынтымақтастық перспективаларын талқылап, жаңа іскерлік байланыстар орнатып, бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.