Қанат Шарлапаев Шанхайда бірқатар кездесу өткізіп, Мемлекет басшысының қатысуымен өткен дөңгелек үстелге қатысты
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың Шанхай қаласына жұмыс сапары аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар кездесу өтті.
Іскерлік бағдарламаның негізгі іс-шараларының бірі – Палата басшысының (Silk Road Golden Bridge International Cooperation Center) «Жібек жолы – Алтын көпір» халықаралық ынтымақтастық орталығы негізін қалаушы әрі басшысы Яо Саймен кездесуі. Тараптар цифрлық сауданы дамыту, Қазақстан нарығына шығатын қытайлық компанияларды сүйемелдеу, сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында қазақстандық және қытайлық бизнес қауымдастықтар арасындағы әріптестікті кеңейту перспективаларын талқылады.
Сапар бағдарламасы аясында Қанат Шарлапаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен дөңгелек үстелге де қатысты. Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Қытайға жұмыс сапарымен барды.
Іс-шараға Қытайдың жетекші компанияларының басшылары, екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша коммерциялық құжаттармен алмасу рәсімі өтті. Мемлекет басшысының Шанхайға жұмыс сапары аясында жалпы құны 15 миллиард АҚШ долларынан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылды.
Қытай Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 49 миллиард АҚШ долларына жетті. Қытайдың Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясының көлемі 30 миллиард АҚШ долларынан асты. Бүгінде елімізде қытай капиталының қатысуымен 8 500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді.