bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Қанат Шарлапаев Қазақстан...

Қанат Шарлапаев Қазақстан Президентінің Германияға ресми сапары аясындағы іс-шараларға қатысты

img
30 Қыркүйек 2026

2026 жылғы 28-30 қыркүйекте «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Германия Федеративтік Республикасына барып, Берлин мен Мюнхендегі іскерлік іс-шараларға қатысты. Сапар бағдарламасы Германияның экономикалық бірлестіктері, қаржы институттары мен өнеркәсіптік компанияларының басшыларымен кездесулерді, Германия – Қазақстан бизнес-форумына және Қазақстан-Бавария технологиялық форумына қатысуды қамтыды. Негізгі іс-шаралар Қазақстан Президентінің қатысуымен жоғары деңгейде өтті.

Қанат Шарлапаевтың іскерлік бағдарламасы 28 қыркүйекте Берлинде DB E.C.O. Group / DB Engineering & Consulting өкілдерімен кездесуден басталды. Германия тарапынан кездесуге DB Engineering & Consulting компаниясының халықаралық бизнес жөніндегі бас операциялық директоры Штефан Гайспергер, атқарушы директоры әрі Қазақстандағы филиалының директоры Михаэль Напель, филиал директорының орынбасары Гайдар Абдикеримов және ҚТЖ жобасының аға сарапшысы Тобиас Майер қатысты. Германияның инжинирингтік компаниясы өкілдерімен кездесу көлік-логистика және инфрақұрылым салаларында халықаралық бизнеспен өзара іс-қимылды кеңейту жұмысының бір бөлігі болды. Бұл бағыттар Қазақстан –Германия экономикалық әріптестігінің күн тәртібінде маңызды орын алады.

29 қыркүйекте Қанат Шарлапаев Қазақстан Президентінің Германияның экономикалық қауымдастықтары мен қаржы институттарының басшыларымен кездесуіне қатысты. Осы кездесумен Мемлекет басшысының Германия Федеративтік Республикасына ресми сапарының бағдарламасы басталды. Кездесуде герман капиталын, сарапшылық тәжірибені және тәуекелдерді басқару құралдарын Қазақстанның ресурстық және көлік әлеуетімен ұштастыру перспективалары қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Орталық Азия мен Еуразия кеңістігінде Германияның сенімді серіктесі болуға ұмтылатынын атап өтті.

 

Екі ел президентінің қатысуымен өткен «Болашаққа бағдарланған жан-жақты әріптестік» Германия – Қазақстан бизнес-форумы сапардың негізгі іс-шараларының бірі болды. Форумда құттықтау сөз сөйлеген Қанат Шарлапаев Қазақстан мен Германия арасындағы саяси сенімнің жоғары деңгейі экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге негіз болатынын атап өтті. Ол дайын өнім саудасынан бірлескен өндіріске, технологиялар трансферіне, құрамдас бөлшектер өндірісін жергіліктендіруге және білікті мамандарға арналған жаңа жұмыс орындарын ашуға көшудің қажеттігін айтты. «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы перспективалы бағыттар қатарында аса маңызды шикізатты терең өңдеуді, энергетикалық машина жасауды, өнеркәсіптік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды, жасанды интеллект пен өндірісті цифрландыруды, логистиканы және кадр даярлауды атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Еуропамен экономикалық өзара іс-қимылындағы Германияның ерекше рөлін атап өтіп, аса маңызды материалдарды, энергетиканы, көлікті, ауыл шаруашылығын, цифрландыруды және озық технологияларды кеңейтілген екіжақты күн тәртібінің негізгі бағыттары ретінде белгіледі. Президент Қазақстанның жетекші жобалардың бірыңғай портфелі негізінде Қазақстан-Германия инвестициялық-өнеркәсіптік бастамасын іске қосуға дайын екенін мәлімдеді. Оның мақсаты – жаңа салалардың қалыптасуына, Германияның озық технологияларын енгізуге және өңірлік әрі әлемдік нарықтарға арналған бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ықпал ететін, коммерциялық тұрғыдан өміршең бастамаларды іріктеу. Мемлекет басшысының мәліметінше, бірлескен портфельге жалпы құны 54 млрд доллардан асатын 40 инвестициялық бастама кіреді, олардың 21-і іске асырылған. Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың табысты мысалдары ретінде CLAAS, Horsch, Amazonen-Werke және Knauf компаниялары аталды. Соңғы бес жылда CLAAS Қазақстанда 2 100-ден астам ауыл шаруашылығы техникасын шығарған.

 

Берлиндегі бағдарлама аясында Қанат Шарлапаев DIHK президенті Петер Адрианмен және Германияның Федералдық сауда-өнеркәсіп палатасының сыртқы сауда бағытының басшысы, басқарма мүшесі Фолькер Трайермен жеке кездесу өткізді. Негізгі назар палаталар арасындағы тұрақты өзара іс-қимылды дамытуға және герман компанияларын Қазақстан нарығында сүйемелдеудің практикалық тетіктеріне аударылды. Қазақстан тарапы өңірлік палаталардың тікелей өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, кәсіпорындардың сұраныстарын қарау және реттеушілік кедергілерді жоюға жәрдемдесу үшін «Atameken – DIHK Project Desk» бірлескен жұмыс алаңын құру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Сондай-ақ B2B жобаларының бірыңғай портфелін қалыптастыру және Германияның орта бизнес санатына жататын өндірістік компанияларының — Mittelstand — Қазақстан нарығына шығуын қолдайтын бірлескен бағдарлама әзірлеу ұсынылды.

30 қыркүйекте Мюнхенде Ұлттық палата басшысы Siemens компаниясының басшылығымен кездесті. Кездесу Қанат Шарлапаевтың Германияның өнеркәсіптік компанияларымен тікелей байланыстар орнату бағдарламасының жеке тармағы болды. Германияның технологиялық бизнесімен өзара іс-қимыл сапар барысында белгіленген энергетиканы жаңғырту, инженерлік құзыреттерді дамыту және заманауи өнеркәсіптік шешімдерді енгізу басымдықтары тұрғысынан ерекше маңызға ие.

Сапардың Мюнхендегі бөлігінің негізгі іс-шарасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бавария Премьер-министрінің орынбасары, экономика, өңірлік даму және энергетика министрі Хуберт Айвангердің қатысуымен өткен Қазақстан-Бавария технологиялық форумы болды. Форумға Баварияның бейінді министрлігінің статс-хатшысы Тобиас Готтхардт, Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Мюнхен және Жоғарғы Бавария сауда-өнеркәсіп палатасының басқарушы директоры Манфред Гёсль, бизнес пен технологиялық қоғамдастық өкілдері де қатысты.

Өз сөзінде Қанат Шарлапаев форумды бірлескен инвестициялық және технологиялық жобаларды іске қосуға арналған практикалық алаң ретінде сипаттады. Ол Баварияның өнеркәсіптік және ғылыми тәжірибесін Қазақстанның автоматтандыруды, жасанды интеллектіні, қаржылық, аграрлық және медициналық технологияларды қамтитын дамып келе жатқан технологиялық экожүйесімен ұштастыру әлеуетін атап өтті. Алдағы жұмыс бағыттары ретінде Бавария бизнесі мен Қазақстанның технологиялық компаниялары арасында тікелей B2B байланыс арнасын құру, корпоративтік акселераторлар мен пилоттық жобаларды іске қосу, бірлескен зертханалар мен білім беру бағдарламаларын дамыту, зерттеу және өндірістік бөлімшелерді Қазақстанда орналастыру, сондай-ақ қазақстандық әзірлеушілердің Германия мен Еуропалық одақ нарықтарына шығуына жәрдемдесу ұсынылды.

Сапардың іскерлік күн тәртібінің маңызын екіжақты экономикалық байланыстардың даму қарқыны айқындайды. Қазақстан Президенті келтірген деректерге сәйкес, 2025 жылы Германиямен тауар айналымы 4,5 млрд долларға жетті, ал 2026 жылдың жеті айында 2,6 млрд доллардан асты. Қазақстанда герман капиталының қатысуымен 1 400-ден астам компания тіркелген. Соңғы 20 жылда Германиядан тартылған инвестициялардың жиынтық көлемі 8 млрд долларды құрады.

 

Қанат Шарлапаевтың ресми сапар аясындағы іс-шараларға қатысуы екі елдің кәсіпкерлік қоғамдастықтары арасындағы байланыстарды нығайтуға және Қазақстан-Германия әріптестігінің стратегиялық басымдықтарын өнеркәсіптік, инвестициялық және технологиялық кооперацияның нақты жобаларына айналдыруға мүмкіндік беретін тетіктерді дамытуға бағытталды.

view 45
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.