bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Энергетикаға балалар...

Энергетикаға балалар көзімен: Астанада Қытайдан келген жас тілшілермен кездесу өтті

img

2025 жылғы 4 тамызда Астана қаласында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының өкілдері ҚХР Чэнду қалалық радио және теледидарының халықаралық жобасы — «Kid Panda Reporter» қатысушыларымен кездесті. Бұл кездесудің басты кейіпкерлері — Қазақстанға алғаш рет келген, жасы 7 мен 13 жас аралығындағы Қытайдың жас тілшілері болды. Сапар мақсаты — жастар арасындағы достық байланысты нығайту және «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы серіктестікті тереңдету.

Кездесудің тақырыбы Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастыққа және осы бағыттағы бірлескен бастамаларға арналды. Қазақстан тарапынан кездесуге «Атамекен» ҚР ҰКП мұнай-газ секторы департаменті директорының орынбасары Бауыржан Жақсылықов және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы коммерциялық қызмет департаменті директорының орынбасары Әлішер Даркембаев қатысты.

Кездесуді ашқан Әлішер Даркембаев жас делегацияны Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы атынан қарсы алып, елдің экономикалық әлеуетіне қызығушылық танытқандары үшін алғыс білдірді. Ол балаларға мазмұнды әрі нәтижелі сапар, жаңа білім мен әсерлі тәжірибе алуды тіледі.

Жас қонақтар тарапынан қойылған сұрақтар мазмұнды, нақты әрі ересектерге тән болды.

·       «Қазақстанда мұнай мен газ қандай тереңдікте орналасқан?»

Бауыржан Жақсылықов мұнай мен газдың 6 шақырымға дейінгі тереңдікте орналасқанын, әсіресе елдің батысында — Теңіз және Қашаған сияқты ірі кен орындарында екенін айтты. Бұл қабаттарды анықтау үшін 3D-сейсмикалық барлау, спутниктік бақылау және геофизикалық әдістер қолданылады.

·       «Мұнайдан бензин қалай алынады және ол Қытайға қалай жеткізіледі?»

Сарапшының айтуынша, мұнай мұнай өңдеу зауыттарында өңделіп, бензин, дизель және мазутқа айналады. Ал Қытайға Қазақстан дайын өнім емес, шикі мұнайды «Қазақстан – Қытай» мұнай құбыры арқылы тасымалдайды. Бұл мұнай Қытайда өңделіп, көліктерге жанармай ретінде пайдаланылады.

·       «Неліктен “Қытай – Орталық Азия” газ құбырын энергетикалық артерия деп атайды?»

«Бұл жай құбыр емес, бұл — халықтар арасындағы сенім артериясы», — деді спикер. Газ Түрікменстаннан басталып, Қазақстан арқылы Қытайға жеткізіледі. Миллиондаған үй, фабрика мен мектеп осы газбен жылытылып, жарық алады. Бұл — Қазақстан үшін технология мен инвестиция, ал Қытай үшін сенімді әрі тұрақты энергия көзі.

·       «Алдағы уақытта қандай бірлескен жобалар жоспарланып отыр?»

Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және «Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші тармағын іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар Қазақстанның оңтүстігіне газ жеткізуді ұлғайтып, Қытайға экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, кездесу жылы әрі шынайы атмосферада өтті — балалар тек тыңдап қана қоймай, белсенді сұрақ қойып, энергетика саласына шынайы қызығушылық танытты.

Іс-шараны Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы ұйымдастырды. Бұл кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы халықтық дипломатияны нығайтудың тағы бір жарқын үлгісі болды — жас ұрпақтың шынайы қызығушылығы арқылы.

Анықтама үшін: Чэнду қалалық радио және теледидары — Қытайдың батыс өңіріндегі ең ықпалды бұқаралық ақпарат құралдарының бірі. Оның аудиториясы 30 миллионнан астам адамды қамтиды және ол елдің ірі аймақтарына ақпараттық, мәдени және білім беру контентін таратады.

view 65
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.