«Атамекен» мен Оман Сауда-өнеркәсіп палатасы іскерлік әріптестіктің перспективаларын талқылады
Астанада «Атамекен» ҰКП алаңында «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев пен Оман Сауда-өнеркәсіп палатасы Басқармасының төрағасы шейх Фейсал Абдулла Ал-Рауастың кездесуі өтті.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, инвестиция салудың перспективалы бағыттары және Қазақстан-Оман Іскерлік кеңесін құру мәселелерін талқылады.
Кездесу Оман делегациясының Қазақстанға сапары аясында өтті. Қазақстан тарапынан кездесуге «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқармасының төрағасы Мұрат Қарымсақов, «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасының кеңесшісі Сабр Есімбеков, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин және Қазақстан-Оман Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Никита Мальчиков қатысты. Оман тарапынан Оман Сауда-өнеркәсіп палатасының бас директоры Закария Аль-Саади, төрағаның кеңесшісі Саиф бин Хамис Аль-Маамари және Қазақстан-Оман Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Салим Аль-Шанфари қатысты.

Қанат Шарлапаев Қазақстан мен Оман арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтудың және бірлескен экономикалық әрі инвестициялық жобаларды практикалық іске асыруға көшудің маңызын атап өтті. «Атамекен» ҰКП омандық кәсіпкерлерге қазақстандық нарыққа шығу және іскерлік серіктестер табу мәселелерінде қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде туризм, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, құрылыс және логистика аталды.
Өз кезегінде шейх Фейсал Абдулла Ал-Рауас Оман Сұлтанының Қазақстанға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы экономикалық байланыстар мен жеке сектордың өзара іс-қимылын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Ол қазақстандық кәсіпкерлерді Оманды Оңтүстік Азия, Шығыс Африка және басқа да өңірлердің нарықтарына шығу үшін логистикалық әрі сауда орталығы ретінде қарастыруға шақырды. Қазақстанның цифрлық экономикадағы жетістіктерін атап өткен Оман палатасының басшысы цифрлық қызметтер мен технологиялар, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі, астық жеткізу және логистиканы дамыту салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.

Туризм саласында инвестициялар тарту және қонақүй мен курорттық инфрақұрылымды, экотуризмді және жағалаудағы аумақтарды дамыту тәжірибесімен алмасу маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылды. Технологиялық секторда цифрландыру және жоғары технологиялық жобалар саласында бірлескен бастамаларды іске асыруға мүмкіндік бар.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – агроөнеркәсіптік кешен. Қазақстан Оман нарығына астық, органикалық және ет өнімдерін жеткізуді ұлғайту әлеуетіне ие. Сондай-ақ бірлескен қайта өңдеу өндірістерін құру және агрологистикалық инфрақұрылымды дамыту перспективалы бағыттар ретінде белгіленді.
Энергетика және тау-кен өнеркәсібі салаларында серіктестік мүмкіндіктері геологиялық барлау, шикізатты терең өңдеу және инфрақұрылымды дамыту бағыттарымен байланысты. Бұдан бөлек, омандық бизнестің Қазақстандағы құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларға қатысуы үшін де перспективалар бар.

Тараптар сондай-ақ екі ел арасындағы өзара сауданы кеңейтуге және тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз етуге бағытталған көлік-логистикалық ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша 5 қазанда «Атамекен» ҰКП мен Оман Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында Қазақстан-Оман Іскерлік кеңесін құру туралы келісімге, сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Оман Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстан мен Оманның іскерлік институттары арасында мұндай деңгейдегі құжаттарға соңғы 12 жылда алғаш рет қол қойылып отыр. Бұл екіжақты іскерлік қатынастарды дамытудың жаңа кезеңінің басталғанын көрсетеді. Қол қойылған құжаттармен алмасу 6 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті мен Оман Сұлтанының қатысуымен өтеді деп жоспарланған.
Іскерлік кеңес екі ел кәсіпкерлерінің өзара іс-қимылы үшін тұрақты алаңға айналып, B2B кездесулер ұйымдастыруға және бірлескен жобаларды пысықтауға мүмкіндік береді. «Атамекен» ҰКП осы байланыстарды дамытуға және бизнес бастамаларды сүйемелдеуге қолдау көрсетуге дайын.