bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Ауған компаниялары...

Ауған компаниялары Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының қолдауымен Қостанайға келді

img

Қостанайда 8 қазанда «Егін жинаудан кейін. АгроМаусым 2026» іс-шарасы өтті. Оған 10 ауған компаниясының өкілдері қатысты. Іс-шара бағдарламасы көрме мен B2B-келіссөздерді қамтыды.

Делегация құрамына негізінен Герат провинциясынан, сондай-ақ Кабул қаласы мен Кандагар провинциясынан ірі ауған импорттаушылары кірді. Герат — Қостанай облысының астық және ұн өндірушілері үшін негізгі өткізу нарықтарының бірі.

Ауған делегациясының сапарын Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Ауғанстандағы өкілі Арман Есентаев Қазақстан Республикасының Кабул қаласындағы Елшілігімен бірлесіп, Қостанай облысының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен өзара іс-қимылда, облыс әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің үйлестіруімен ұйымдастырды. Сапардың мақсаты — қазақстандық астық және ұн өндірушілер мен ауған сатып алушылары арасында тікелей іскерлік байланыстар орнатуға жәрдемдесу.

Іс-шара барысында жалпы сомасы 55 млн АҚШ долларын құрайтын 5 келісімшартқа қол қойылды. Оның ішінде бидай мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге 40 млн АҚШ доллары көлемінде келісімшарттар жасалды: қазақстандық «КАЗ НАН ГРУП» компаниясы мен ауғандық «Ensaf Ansar Flour Production Ltd» компаниясы арасында, «WORLD KARWAN» ЖШС мен «Haji Nazar Mohammad Haji Abdul Ahad Co Ltd» компаниясы арасында, сондай-ақ «HARVEST-KST» ЖШС мен «Khan Zaland Trading Company» компаниясы арасында. Бұдан бөлек, ұн жеткізуге жалпы сомасы 15 млн АҚШ долларын құрайтын келісімшарттарға «QA Flour Product» ЖШС мен «Ahmad Kamawal Trading Company LTD», сондай-ақ «Kaztorgtrans» ЖШС мен «Wahid Tamim Azizi LTD Co» компаниялары қол қойды.

Сапар Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымын 3 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жөніндегі Жол картасын, сондай-ақ ағымдағы жылдың маусым айында Қазақстанның үкіметтік делегациясының Кабул қаласына сапары барысында қол жеткізілген үкіметаралық уағдаластықтарды іске асыру аясында ұйымдастырылды. Бұл уағдаластықтар, соның ішінде, Герат провинциясымен іскерлік өзара іс-қимылды кеңейтуді көздейді.

Қазақстандық өндірушілер мен ауған сатып алушылары арасында тікелей байланыстар орнату астық пен ұн жеткізілімдерін ұлғайтуға және жаңа экспорттық келісімшарттар жасасуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

view 84
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.