Аргентиналық компаниялар жер қойнауын пайдалану саласында қазақстандық бизнеспен серіктестік орнатуға мүдделі
Астанада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы ұйымдастырған аргентиналық компаниялар өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шара 20 қазанда «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында өтті. Кездесуде тау-кен өндіру және мұнай-газ салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне баса назар аударылды.
Талқылауға «Атамекен» ҚР ҰКП Мұнай-газ секторы департаментінің директоры Ержан Ерғали, Қазақстан Республикасының Буэнос-Айрестегі Құрметті консулы, Аргентина-Қазақстан палатасының президенті Сантьяго Делука, Clear Petroleum S.A. компаниясының жалпы бизнес жөніндегі директоры Карлос Мартин Сабатер, CPC S.A. компаниясының сату және жаңа бизнесті дамыту жөніндегі директоры Густаво Орасио Углесич және DFM Consultores S.A. президенті Гонсало Фернандес Моорес қатысты.
Негізгі тақырыптардың бірі Clear Petroleum S.A. компаниясы үшін қазақстандық серіктестерді іздеу болды. Қатысушылар бірлескен кәсіпорындар құру және іске асырылып жатқан жобаларға қатысу мүмкіндіктерін, сондай-ақ Қазақстанның тау-кен өндіру және мұнай-газ салаларының инвестициялық әлеуетін қарастырды.
Салалық ынтымақтастықты талқылау барысында мұнай сервистік қызметтер, бұрғылау және кен орындарына қызмет көрсету, жабдықтар мен технологиялар жеткізу мәселелері қамтылды. Аргентиналық компаниялардың Қазақстандағы ірі жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына қатысу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар шетелдік компаниялардың Қазақстан нарығына шығу шарттарын, соның ішінде лицензиялау, өндірісті жергіліктендіру және инвестицияларды қорғау мәселелерін де қарастырды.
Тікелей іскерлік байланыстар орнату аясында «Атамекен» ҚР ҰКП тарапынан Қазақстанның салалық қауымдастықтарымен және жеке компанияларымен байланыс орнатуға жәрдемдесу мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесудің тағы бір тақырыбы «Атамекен» ҚР ҰКП мен Аргентина-Қазақстан палатасы арасындағы өзара іс-қимылды дамыту болды. Атап айтқанда, нарық мүмкіндіктерімен танысу және серіктестер іздеу мақсатында өзара бизнес-миссиялар ұйымдастыру мәселесі қарастырылды.