bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Вашингтондағы B20 саммитінде...

Вашингтондағы B20 саммитінде ҚССП: қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер

img

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқармасының Төрағасы Мұрат Қарымсақов 2026 жылғы 9–11 қараша аралығында Вашингтонда АҚШ-тың G20-ға төрағалығы аясында өтіп жатқан B20 USA саммитіне қатысуда. Сапар бағдарламасы саммиттің негізгі іс-шараларына қатысуды, Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылауды, сондай-ақ екі ел кәсіпкерлері арасында тікелей байланыстар орнатуға бағытталған іскерлік кездесулер өткізуді қамтиды.

B20 саммиті халықаралық бизнес, инвестициялық институттар, іскерлік бірлестіктер мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдерін біріктірді. Қазақстан ең ауқымды бизнес-делегациялардың бірімен қатысуда. Оның құрамына экономиканың түрлі салаларынан 100-ге жуық отандық компания кірді.

9 қарашада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы «Атамекен» ҚР ҰКП, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және АҚШ Сауда палатасы бірлесіп ұйымдастырған «Стратегиялық әріптестіктен нақты жобаларға» атты Қазақстан-Америка іскерлік дөңгелек үстеліне қатысты. B20 саммитінің ресми бағдарламасына енген бұл іс-шара инвестициялық мүмкіндіктерді, өнеркәсіптік кооперацияны және екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылауға арналған алаңға айналды.

Төрт тақырыптық панельдік сессия барысында қатысушылар инвестициялар мен сауда, көлік және логистика, цифрлық және қаржылық технологиялар, жасанды интеллект, аса маңызды минералдар, энергетика және өнеркәсіп мәселелерін қарастырды. Ынтымақтастық перспективаларын талқылаудан нақты бірлескен жобаларды іске асыруға көшуге ерекше назар аударылды.

Сол күні Палата басшысы америкалық Tenfore Holdings инвестициялық компаниясының негізін қалаушы әрі басқарушы серіктесі Дэн Левинмен іскерлік кездесуге қатысты. Келіссөздер барысында Tenfore инвестициялық портфеліндегі технологиялық компаниялардың қазақстандық кәсіпорындармен озық өндіріс, робототехника, зияткерлік логистика және жасанды интеллектіні қолдану салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.

10 қарашада B20 саммитінің пленарлық сессиясының ашылуы, сондай-ақ Орталық Азия мен АҚШ арасындағы аса маңызды минералдық ресурстар саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікке арналған панельдік пікірталас өтті. Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі геологиялық барлауға инвестициялар тарту, өңдеу өндірістерін дамыту және заманауи технологияларды енгізу перспективалары болды. Қазақстан минералдық-шикізат базасының молдығын, дамыған инфрақұрылымды, инвесторлар үшін қолайлы жағдайларды және білікті мамандардың болуын қамтитын бәсекелестік артықшылықтарын таныстырды.

Саммитке қатысуына түсініктеме бере отырып, Палата Басқармасының Төрағасы америкалық бизнеспен тікелей өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

«Біз үшін B20 саммитіне қатысу – ең алдымен америкалық компаниялармен тікелей байланыс орнатып, іскерлік қатынастарды нақты жобаларға айналдыру мүмкіндігі. Қазақстандық бизнес инвестициялар тартуға ғана емес, озық технологияларға қол жеткізуге, бірлескен өндірістерді дамытуға және жаңа нарықтарға шығуға да мүдделі. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы ретінде біздің міндетіміз – осындай әріптестіктерді орнатуға жәрдемдесу және олардың одан әрі дамуын қамтамасыз ету. Келіссөздердің нәтижесі жаңа келісімшарттармен, инвестициялық жобалармен және отандық кәсіпорындар үшін мүмкіндіктердің кеңеюімен көрініс табуы маңызды», – деп атап өтті ол.

11 қарашада, саммиттің қорытынды күнінде, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы халықаралық бизнес-делегациялардың қатысушыларымен, америкалық компаниялар мен іскерлік бірлестіктердің өкілдерімен іскерлік кездесулер өткізді.

view 118
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.