bg
bg
Басты бет Жаңалықтар B20 саммитіндегі...

B20 саммитіндегі Қазақстанның Superfecta-сы – аса маңызды минералдар саласындағы төрт артықшылық

img

2026 жылғы 10 қарашада Вашингтонда «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының Төрағасы Қанат Шарлапаев B20 саммитінің Орталық Азия мен АҚШ арасындағы аса маңызды минералдық ресурстар саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікке арналған панельдік сессиясында сөз сөйледі. Ол америкалық бизнесті Қазақстанмен ұзақ мерзімді өнеркәсіптік және технологиялық әріптестік орнатуға шақырды.

Қанат Шарлапаев Қазақстанның тау-кен өндіру саласындағы бәсекелестік артықшылықтарын Superfecta ұғымымен біріктірді. Бұл ұғым төрт артықшылықтың үйлесімін білдіреді: минералдық-шикізат базасының әртүрлілігі, дамыған инфрақұрылым, болжамды реттеу жүйесі және білікті кадрлар.

Қазақстанның минералдық-шикізат базасы энергетика мен өнеркәсіпте сұранысқа ие ресурстардың кең ауқымын қамтиды. Тармақталған теміржол желісі мен энергетикалық инфрақұрылым тау-кен кәсіпорындарының жұмысын қамтамасыз етеді. Жер қойнауын пайдалану саласындағы инвесторлар үшін минералдық ресурстарды бағалаудың халықаралық стандарттары және өтінімдердің түсу кезектілігі бойынша лицензия беру тәртібі қолданылады. Қазақстанның инженерлік мектептері сала қызметкерлерінің басым көпшілігін құрайтын мамандарды даярлайды.

Сессия барысында геологиялық барлаудың бастапқы кезеңдерін қаржыландыруға ерекше назар аударылды. Алғашқы зерттеулерден өнеркәсіптік өндіріске дейін бірнеше жыл өтуі мүмкін. Сондықтан шағын геологиялық барлау компаниялары үшін жоба әлі табыс әкелмейтін кезеңде капитал тартуға мүмкіндік беретін қаржы құралдары аса маңызды.

«2022–2025 жылдар аралығында Қазақстанда металл кендерін өндіруге бағытталған күрделі салымдар шамамен 62%-ға өсті, ал геологиялық барлауға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 2,5 есеге ұлғайып, 1 млрд АҚШ долларына жетті», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.

Қазақстанда Rio Tinto, Fortescue, Ivanhoe Mines, Arras Minerals, B2Gold, East Star Resources және басқа да халықаралық компаниялар жұмыс істеп жатыр. «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының Төрағасы атап өткендей, олардың инвестициялары елдегі бизнес жүргізу жағдайларына деген сенімді көрсетеді.

Қазақстанның америкалық бизнеспен ынтымақтастығындағы басым бағыттардың қатарында минералдық шикізатты терең өңдеу, технологиялар трансфері және толыққанды өнеркәсіптік экожүйелер құру бар. Саланың мүмкіндіктеріне мысал ретінде Қанат Шарлапаев графит ресурстары 65 млн тоннадан асатын «Сарытоған» жобасын және Taza Metal Technologies компаниясының жоғары тазалықтағы марганец сульфатын өндіру жобасын келтірді. Сондай-ақ ол «Қазгеология» мен Cove Kaz Capital Group компаниясының бірлескен «Ақбұлақ» геологиялық барлау жобасын атап өтті. Аталған учаскеде неодим мен празеодимді қоса алғанда, сирек жер элементтері анықталған.

Еске салайық, B20 саммиті АҚШ-тың G20-ға төрағалығы аясында 9–11 қараша аралығында Вашингтонда өтіп жатыр. Қазақстанның ауқымды іскерлік делегациясының құрамына өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, көлік және логистика салаларының өкілдері кірді.

Саммит аясында Қанат Шарлапаев америкалық бизнес және сарапшылық қоғамдастық өкілдерімен іскерлік кездесулер өткізді. Олардың қатарында Tenfore Holdings компаниясының негізін қалаушы әрі басқарушы серіктесі Дэн Левинмен келіссөздер болды. Америкалық инвестициялық компания өсу кезеңіндегі технологиялық кәсіпорындарға инвестиция салып, олардың бизнесін кеңейтуге көмектеседі. Кездесуде Tenfore инвестициялық портфеліндегі компаниялардың қазақстандық кәсіпорындармен озық өндіріс, робототехника, интеллектуалды логистика және жасанды интеллектіні қолдану салаларында тікелей ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері талқыланды.

Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің аға ғылыми қызметкері, халықаралық қаржы және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Хайди Кребо-Редикермен Қанат Шарлапаев инфрақұрылымға және аса маңызды минералдар саласындағы жобаларға жеке капитал тарту мәселелерін талқылады. Кездесу күн тәртібіне мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын дайындау, мемлекет пен инвесторлар арасындағы тәуекелдерді бөлу және шағын және орта бизнестің ұзақ мерзімді қаржыландыруға қол жеткізуі мәселелері де енгізілді.

Қазақстандық бизнес үшін B20 саммитіне қатысу америкалық серіктестермен бірлескен жобаларды іске қосудың практикалық шарттарын – геологиялық барлауды қаржыландыру мен технологияларды енгізуден бастап, отандық кәсіпорындардың мердігерлер және жеткізушілер ретінде қатысуына дейінгі мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.

view 12
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.