Уфа қаласында Қазақстан-Ресей бизнес кеңесінің (ҚРБК) IX отырысы өтті
26 қарашада Уфа қаласында Ресей мен Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі XX форумы аясында Қазақстан-Ресей бизнес кеңесінің (ҚРБК) IX отырысы өтті. Іс-шараға ҚРБК қазақстандық бөлігінің төрағасы Тимур Жаркенов, РФ Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Владимир Падалко, РФ ҚРБК ресейлік бөлігінің атқарушы директоры Наталья Крючкова және РФ экономикалық даму министрінің орынбасары Дмитрий Вольвач қатысты. Іс-шараға Қазақстанның әртүрлі салаларын өкілдік ететін 70 компания қатысты.
Отырыстың негізгі тақырыбы – Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және инфрақұрылымдық бірлескен жобаларды дамыту. Тимур Жаркенов сөз сөйлей отырып, ҚРБК алаңы жаңа экономикалық жағдайда бірлескен шешімдерді талқылаудың ерекше мүмкіндігі екенін атап өтті.
«Бизнес кеңесінің алаңы – бізге жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, бірлесе отырып, өз елдеріміздің дамуына және екіжақты байланысты нығайтуға қалай үлес қоса алатынымызды ойлануға ерекше мүмкіндік береді», – деді ол.
Жаркенов сондай-ақ екі ел арасындағы индустриялық ынтымақтастықтың сәтті мысалдарын, оның ішінде Қазақстанда ресейлік серіктестердің қолдауымен тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруді, сондай-ақ көмір мен металдарды қайта өңдеу жобаларын айта кетті. Оның айтуынша, 2024 жылғы қаңтар-тамыз айларында елдер арасындағы тауар айналымы 17,2 миллиард долларды құрады, бұл 3,2%-ға төмендегенімен, өсу әлеуеті жоғары.
Транспорттық инфрақұрылым туралы сөз қозғаған Жаркенов Транскаспий маршрутының маңыздылығын баса айтты. Оның дамуы транзит көлемін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Қазақстан мен Ресей халықаралық көлік тізбегінде, әсіресе жаһандық өзгерістер мен әртараптандырылған логистикалық маршруттарға көшу жағдайында маңызды рөл атқарады. Маңызды жоба – Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТХКМ), ол Еуропаны Азиямен осы екі мемлекет арқылы байланыстырады. Өткен жылы ТХКМ арқылы тасымалданған жүк көлемі 65%-ға артты, ал 2027 жылға дейін өткізу қабілетін 10 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Ақтау мен Құрық порттарын және Ақтауда контейнерлік хаб құруды транзиттік әлеуетті айтарлықтай арттырып, халықаралық логистика үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді «Атамекен» ҰКП вице-президенті.
Ғылым мен технологиялардың синергиясына ерекше назар аударылды. Жаркенов ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастық жоғары технологиялық салаларды дамыту үшін қозғаушы күш болатынын айтты.
«Жасанды интеллект, биотехнологиялар және жаңартылатын энергия көздері сияқты салалардағы бірлескен зерттеулер экономикалық өсудің маңызды қозғаушы күшіне айнала алады», – деді ол.
Сөзін аяқтай келе, Жаркенов «Атамекен» ҰКП-ның қызметі туралы айтып, оның экономикалық реформаларға белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Ол қатысушыларды шетелдік инвесторларды тартуға арналған Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны пайдалануға шақырды.
«Біз ашық есік саясатын ұстанамыз: шетелдік инвестициялар үшін жағдайды жақсартып, кәсіпкерлік үшін әділ орта қалыптастырамыз. Біздің цифрлық платформамызда қазірдің өзінде 40 миллиард доллар сомасына 755 инвестициялық жоба бар», – деп атап өтті ол.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар ҚРБК аясында әрі қарай ынтымақтастықты және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін айтты.