Бейжіңде Қазақстанның қатысуымен жаһандық жеткізу тізбектерін дамыту жөніндегі конференция өтті
2026 жылғы 22 маусымда Қазақстан Сыртқы сауда палатасы Басқармасының төрағасы Мұрат Қарымсақов қазақстандық бизнес-делегация құрамында Бейжің қаласында өтіп жатқан 4-ші Қытай халықаралық жеткізу тізбектері көрмесінің (China International Supply Chain Expo) іс-шараларына қатысты.
Сапар аясында Мұрат Қарымсақов көрменің ресми ашылу салтанатына қатысты. Іс-шараға Қытай халықаралық сауданы ілгерілету жөніндегі кеңесінің (CCPIT) төрағасы Жэнь Хунбинь, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, іскерлік бірлестіктердің өкілдері және әлемнің түрлі елдерінен келген жетекші компаниялардың басшылары қатысты.

Сол күні Палата басшысы көрменің іскерлік бағдарламасы аясында Бейжің, Тяньцзинь және Хэбэй провинциясы CCPIT комитеттері ұйымдастырған Бейжің–Тяньцзинь–Хэбэй жеткізу тізбектері саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі конференцияда сөз сөйледі.
Конференция халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, жасанды интеллект технологияларын енгізу және цифрлық трансформация, Smart City тұжырымдамасын, зияткерлік инфрақұрылымды, инновациялық индустриялық парктерді дамыту және жаһандық жеткізу тізбектерін нығайту мәселелеріне арналды.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Мұрат Қарымсақов Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетіп, дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің басшылығымен біздің елдер екіжақты қатынастардың жаңа кезеңіне — “алтын отыз жылға” қадам басты. Бұл сауда, инвестициялар, өнеркәсіптік кооперация, технологиялық инновациялар және гуманитарлық алмасулар үшін кең мүмкіндіктер ашады. Іскер топтар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, технологиялар трансферті және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру Қазақстан мен Қытай экономикаларының өсуіне жаңа серпін береді деп сенеміз», — деді Мұрат Қарымсақов.
Сыртқы сауда палатасының басшысы Бейжің–Тяньцзинь–Хэбэй өңірі инновациялар, жоғары технологиялық өндіріс және технологиялық даму салаларындағы Қытайдың негізгі орталықтарының бірі екенін атап өтіп, оның инвестициялар тарту, заманауи технологияларды енгізу және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту тұрғысынан қазақстандық бизнес үшін үлкен қызығушылық тудыратынын айтты.

Сөз барысында Қазақстанның Еуразиядағы маңызды көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мен «Бір белдеу — бір жол» бастамасының үйлесуі Азия мен Еуропа арасындағы сауда-саттықты кеңейтуге, көлік байланыстарын нығайтуға және тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыруға қосымша мүмкіндіктер туғызатыны атап өтілді.
Мұрат Қарымсақов логистика, өнеркәсіптік өндіріс, ауыл шаруашылығы, аса маңызды пайдалы қазбаларды өндіру, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін де атап өтті. Оның айтуынша, инновациялық шешімдер мен заманауи технологияларды енгізу өндіріс тиімділігін едәуір арттырып, жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын нығайтып, ұзақ мерзімді экономикалық өсуді қамтамасыз ете алады.
Сөзінің соңында Мұрат Қарымсақов Бейжің, Тяньцзинь және Хэбэй провинциясының компанияларын Қазақстанды тек перспективалы нарық ретінде ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Кавказ және Таяу Шығыс нарықтарына шығуға арналған стратегиялық алаң ретінде қарастыруға шақырды.

Конференцияның маңызды оқиғаларының бірі Қазақстан Сыртқы сауда палатасы мен Қытай халықаралық сауданы ілгерілету жөніндегі кеңесінің Бейжің комитеті (CCPIT Beijing) арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжат Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге, инвестициялық ынтымақтастықты қолдауға, сондай-ақ бірлескен іс-шаралар мен бизнес-миссияларды ұйымдастыруға бағытталған.
China International Supply Chain Expo көрмесі аясындағы іс-шараларға Қазақстан Сыртқы сауда палатасының қатысуы қазақстандық-қытайлық іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға, инвестициялық байланыстарды кеңейтуге және сауда, логистика, өнеркәсіп пен жоғары технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге бағытталған кезекті маңызды қадам болды.
