

Осло қаласында Қазақстан-Норвегия Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысы өтті

2025 жылғы 8 сәуірде Осло қаласында Қазақстан-Норвегия Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Бұл екі ел арасындағы алғашқы осындай іс-шара болып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, іскерлік топтар арасында тікелей байланыстар орнатуға және әріптестіктің перспективалық бағыттарын талқылауға бағытталды.
Іс-шараға Қазақстанның Норвегиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әділ Тұрсынов пен Норвегияның Орталық Азия бойынша Елшісі Йон Квистад қатысты. Олар саяси диалогты нығайту мен экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан тарапынан негізгі спикер ретінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек сөз сөйледі. Ол Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін кеңінен таныстырып, макроэкономикалық тұрақтылық, инвесторлардың құқықтарын қорғау, ірі нарықтарға қолжетімділік, инвестициялық сүйемелдеуді цифрландыру және экономиканың басым салаларына ерекше назар аударды.
Іскерлік кеңесте Норвегия Сауда-өнеркәсіп палатасы Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Свейн Столпестад құттықтау сөз сөйлеп, екі елдің экономикасының басым салаларындағы ынтымақтастықты дамыту маңыздылығын атап өтті. Қазақстан тарапынан Сыртқы сауда палатасының Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Дана Қасымова құттықтау сөз сөйлеп, Кеңес іскерлік топтар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал ететінін және бұл іс-шараның тарихи мәні бар екенін айтты.
Кеңес аясында екіжақты сауданың қазіргі жағдайына шолу жасалды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Норвегия арасындағы тауар айналымы 123,1 млн АҚШ долларын құрады. Сондай-ақ аквакультура, логистика, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, өнімді қайта өңдеу және экспорттау, экологиялық технологиялар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.
Қазақстан экспортының негізін мал және өсімдік тектес өнімдер, дайын азық-түлік тауарлары, машина жасау, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен құрылғылар, ағаш өңдеу өнеркәсібінің тауарлары құрайды. Ал Норвегиядан импорт мал және өсімдік тектес өнімдер, дайын азық-түлік тауарлары мен минералдық өнімдерден тұрады.
Сонымен қатар қатысушыларға Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының серіктес іздеу, іскерлік кездесулерді ұйымдастыру және форс-мажор жағдайларға тап болған кәсіпкерлерге қолдау көрсету сияқты кең ауқымды қызметтері таныстырылды.
Қазақстан тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС, аквакультура саласындағы «MWORK» компаниясы және азық-түлік өнімдерін өндіруге маманданған «ApiFitoSuperFood» компаниясының өкілдері қатысты. Норвегия тарапынан «Optimar», «Jotun», Нурд университетінің Бизнес мектебі жанындағы «Жоғары ендік орталығы» зерттеу орталығы, «Tschudi Logistics Holding», «Taraxa» және басқа да компаниялар қатысты.
Іскерлік кеңес Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Елшілігі, Норвегияның «East» Сауда-өнеркәсіп палатасы және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының қолдауымен өтіп, екі елдің іскер топтары арасындағы экономикалық диалогты нығайтудың маңызды алаңына айналды.