bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Исламабадта «Атамекен» ҚР...

Исламабадта «Атамекен» ҚР ҰКП қатысуымен Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумы өтті

img

2026 жылғы 4 ақпанда Исламабад қаласында (Пәкістан Ислам Республикасы) екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға арналған Қазақстан–Пәкістан бизнес-форумы өтті. Іс-шараға екі елдің іскер топтарының өкілдерімен қатар даму институттары мен салалық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Форум барысында Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының Төрағасы Қанат Шарлапаев сөз сөйлеп, Пәкістанның Қазақстан үшін стратегиялық маңызын атап өтті: «Бүгінгі форум, мәні жағынан, біздің ортақ дастарханымыз болып табылады. Мұнда екі елдің кәсіпкерлері өзара құрметке негізделген ортада бас қосып, ниеттер және декларациялар туралы емес, мүмкіндіктер мен нақты жобалар жөнінде пікір алмасуда», - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан Пәкістанды ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа негізделген сенімді серіктес ретінде қарастырады. Елде дамыған кәсіпкерлік мәдениет, елеулі өндірістік әлеует және қуатты адами капитал бар. Қазақстан агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнімдерін өңдеу, металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібі сияқты салаларда бәсекеге қабілетті шешімдер ұсынуға дайын.

Форумда қол жеткізілген нақты практикалық нәтижелерге де ерекше назар аударылды. Қазақстаннан Пәкістан нарығына астық жеткізу тұрақты әрі ұзақ мерзімді сипатқа ие, ал өнім сапасы жоғары бағаланады. Пәкістанға экспорттаушы ірі қазақстандық компаниялардың қатарында Food Contract Corporation JSC (астық және дәнді дақылдар), Astyk Trans LLP (бидай, ұн), KAZFOOD PRODUCTS (ұн тарту өнімдері), KazAzot JSC (минералдық тыңайтқыштар), ERG (ферроқорытпалар), «Қазақмыс» АҚ (мыс өнімдері), KAZ Minerals (түсті металдар), Kaustik LLP (химиялық өнімдер), Qarmet JSC (металл бұйымдары), сондай-ақ KEGOC Services JSC және машина жасау саласындағы компаниялар (өнеркәсіптік жабдықтар) бар. Бұл жеткізілімдер өңдеу, логистика және ұзақ мерзімді келісімшарттар салаларында ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайды.

Форум аясында ҚР «Атамекен» ҰКП мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар нақты қадамдарды ұсынды. Атап айтқанда, басым экспорттық-импорттық тауарлар тізбесін бірлесіп қалыптастыру, Қазақстан-Пәкістан іскерлік кеңесі арқылы коммерциялық ұсыныстармен тұрақты алмасу, мақсатты B2B-кездесулер мен онлайн-келіссөздер өткізу, сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша мәмілелер мен жобаларды сүйемелдеу көзделді.

Форум қорытындысы бойынша тараптар кәсіпкерлердің бірлескен жобаларға деген қызығушылығының артқанын және біржолғы мәмілелерден жүйелі ынтымақтастыққа көшу үрдісін атап өтті. Бұл ретте логистикалық бағыттарды жетілдіру мен транзиттік мүмкіндіктерді оңтайландыру өзекті мәселе болып қала береді.

Қанат Шарлапаев халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігі нақты нәтижелермен - жасалған келісімшарттармен, орнықты серіктестіктермен және бизнес үшін нақты пайдамен өлшенетінін атап өтті. «Осындай өзара іс-қимыл форматы жағдайында Қазақстан-Пәкістан іскерлік ынтымақтастығы кезең-кезеңімен дамып, екі елдің кәсіпорындарына айтарлықтай практикалық пайда әкелетініне сенімдіміз», - деді ол.

Айта кету керек, сапар аясында бірқатар жетекші компаниялар мен ұйымдардың өкілдерімен кездесулер өтті. Атап айтқанда, TCS көлік компаниясының төрағасы Халид Н. Ауанмен, NLC-DP ұлттық логистикалық корпорациясының сату жөніндегі бас менеджері Саед Фарух Хассанмен, ауыл шаруашылығы техникасын өндіруге маманданған Buraq Tractor (PVT) LTD компаниясының басқарушы директоры М. Васим Юсафпен, Arthatex Premium Fabric Company тоқыма фабрикасының директоры Тахир Ханмен, EDB машина жасау компаниясы бас директорының орынбасары Мухаммед Ашрафпен, сондай-ақ былғары өнеркәсібінің өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Бұдан бөлек, Пенджаб провинциясындағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Рао Халид Махмуд Ханмен жеке кездесу ұйымдастырылды. B2B-кездесулер барысында сауда-экономикалық өзара іс-қимылды дамыту, логистика, өнеркәсіптік кооперация және іскерлік байланыстарды кеңейту мәселелері бойынша мазмұнды әрі сындарлы пікір алмасу өтті. Тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілік танытып, жұмыс байланыстарын жалғастыруға және өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын бірлесіп пысықтауға уағдаласты.

Сонымен қатар Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумы шеңберінде Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен TCS Logistics (Private) Limited компаниясы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Қазақстан мен Пәкістан арасындағы іскерлік ынтымақтастықты, соның ішінде сауда, логистика, қойма инфрақұрылымы және трансшекаралық тасымалдар саласындағы өзара әрекеттестік дамытуға бағытталған. Меморандумға қол қою тараптардың перспективалы жобаларды бірлесіп зерделеуге ниетін бекітіп, екіжақты іскерлік байланыстарды одан әрі кеңейту үшін практикалық негіз қалыптастырды.

 

view 87
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.