bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Астанада Қазақстан–Сербия...

Астанада Қазақстан–Сербия Іскерлік кеңесінің Бірінші кеңейтілген оты-рысы және бизнес-форумы өтті

img

2026 жылғы 26 ақпанда елордада Қазақстан–Сербия Іскерлік кеңесінің Бірінші кеңейтілген отырысы және Қазақстан–Сербия бизнес-форумы өтті. Іс-шара Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Сербияның Сауда-өнеркәсіп палатасының ұйымдастыруымен, екі елдің Елшіліктерінің қолдауымен өткізілді. Жиын Сербия Республикасының Президенті Александр Вучичтің Қазақстанға сапары аясында ұйымдастырылып, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезеңге айналды.

Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Сербия Республикасының халықаралық экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі министрі Ненад Попович, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Шоқанов, Сербияның Сауда-өнеркәсіп палатасының халықаралық ынтымақтастық және даму жөніндегі вице-президенті Михайло Весович, Іскерлік кеңестің серб бөлігінің төрағасы Александр Лиякович, Қазақстан Республикасының Сербия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мади Атамқұлов, Сербия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Владимир Йовичич қатысты.

Отырыста сөз сөйлеген Нұрсұлтан Шоқанов аталған іс-шараның тарихи маңызын атап өтіп, Іскерлік кеңес Сербия Президенті Александр Вучичтің сапары аясында алғаш рет өткізіліп отырғанын айтты. Сондай-ақ ол екіжақты сауда айналымының тұрақты оң динамикасын тілге тиек етті. 2025 жылдың қаңтар–қараша айларының қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 96,8 млн АҚШ долларын құрап, 7,9 %-ға өсті. Бұл ретте қазақстандық экспорт 82 %-ға артып, 28,3 млн АҚШ долларына жетті.

Ненад Попович өз сөзінде Қазақстан мен Сербия арасындағы берік саяси қатынастар экономикалық ынтымақтастықты дамытуға негіз болатынын атап өтті. Ол еркін сауда туралы келісімнің маңызын және әсіресе агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, IT және фармацевтика салаларында нақты бірлескен жобаларды іске асыру қажеттігін айтты. Өз кезегінде Михайло Весович Сербияның Сауда-өнеркәсіп палатасы Іскерлік кеңестің жұмысына және іскерлік байланыстарды дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақовтың айтуынша, бүгінде қазақстандық нарықта серб капиталының қатысуымен 40-тан астам компания табысты жұмыс істейді. Олардың қатарында Yugoimport, Энергопроект-Холдинг, IBA Group, Chemopharm, Tarkett, Termovent, Delta Holding, Agromehanika және басқа да компаниялар бар. Аграрлық салада «Будан» ЖШС мен сербиялық «Земун поле» ғылыми-зерттеу институтының жүгерінің гибридті тұқымдарын өндіру жөніндегі бірлескен жобасы табысты жүзеге асырылуда. Сонымен қатар іс-шара ауқымдылығы атап өтілді: қазақстандық тараптан 80-ге жуық компания (130 қатысушы) қатысты. Олардың ішінде Kusto Logistics, Atameken Agro Trade, AK NIET GROUP, Биосфера, ФармМедИндустрия, KD Solutions, ITP Mining, BI Group, Eurostroy LLP, RailSolution, Great Sky, SP Kaztechnology, КазТрансОйл, PetroTrans Limited және басқа да компаниялар бар. Серб тарапынан 24 компания (33 қатысушы) қатысты, олардың қатарында Югоимпорт СДПР, Pro Team, PPT Inženjering, ALUMIL YU Industry, Энергопроект Холдинг, Neopetrol Inženjering, Goša Montaža, Goodwill Pharm, SEE UP, BIO4 және басқа да ұйымдар бар.

Іс-шара барысында цифрландыру мен технологиялық әріптестікке ерекше назар аударылды. Ағымдағы жыл Қазақстан Президенті тарапынан цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғаны атап өтіліп, бұл бағыт екіжақты ынтымақтастық үшін қосымша мүмкіндіктер ашатыны айтылды. Форум аясында Astana Hub пен SEE UP акселераторы арасында кәсіпкерлерді бизнес-идеяларды дамытудың бастапқы кезеңінде қолдауға және оларды нарыққа шығаруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Көлік, логистика және құрылыс саласында Мұрат Қарымсақов Қазақстанның Еуразиялық хаб ретіндегі транзиттік әлеуетін, сондай-ақ Сербияның Балқан өңіріндегі логистикалық торап және Еуропаға шығатын қақпа ретіндегі стратегиялық орнын атап өтті. Тараптар Орта дәліз бойында инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларды бірлесіп іске асыруға дайын екендерін білдірді. «Энергопроект-Холдинг» компаниясының «Алматы - Гүлшад» автожол учаскесін қайта жаңғырту және Алматы қаласындағы «Аэлита» тұрғын үй кешенін салу жобаларын жүзеге асырудағы табысты тәжірибесі атап өтілді.

Сонымен қатар іс-шара барысында «Атамекен» ҚР ҰКП мүмкіндіктері және жалпы құны 120 млрд АҚШ долларын құрайтын 1 600-ден астам жоба тіркелген Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа таныстырылды. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы серб компанияларына серіктестер іздеуде, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуде, экспортты дамытуда және бизнестің мүдделерін қорғауда кешенді қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Қазақстан-Сербия Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысы екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бағытталған нақты қадам болды.

view 67
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.