Астанада Қазақстан–Нидерланд Іскерлік кеңесінің II отырысы өтті
2026 жылғы 23 маусымда Астанада Қазақстан мен Нидерланд арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған Қазақстан–Нидерланд Іскерлік кеңесінің II отырысы өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ақан Рахметуллин, Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нико Схермерс, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасының кеңесшісі / Басқарма төрағасы міндетін атқарушы Дана Қасымова, Қазақстандағы БеНиНюкс сауда палатасының бас директоры Арсен Мейрамбаев, сондай-ақ екі елдің іскер топтарының өкілдері қатысты.

Отырыс барысында сөз сөйлеген Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасының кеңесшісі / Басқарма төрағасы міндетін атқарушы Дана Қасымова Нидерландтың Қазақстанның Еуропалық одақтағы негізгі экономикалық серіктестерінің бірі екенін және көптеген жылдар бойы ел экономикасына инвестиция салатын шетелдік инвесторлар арасында бірінші орын алып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, 2005–2025 жылдар аралығында Нидерландтан Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялар көлемі 124 миллиард АҚШ долларынан асты. Сонымен қатар, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті қазіргі көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары болып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Нидерланд арасындағы өзара тауар айналымы 11%-ға өсіп, 6 миллиард АҚШ долларынан асты.
Қазақстанның Нидерландқа экспорттайтын негізгі тауарлары – шикі мұнай, мұнай өнімдері, ферроқорытпалар және титан. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Нидерландқа экспорты 6 миллиард АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 13%-ға артты. Өз кезегінде Қазақстан Нидерландтан дәрілік заттарды, машиналар мен жабдықтарды, медицина мен ветеринарияда қолданылатын жоғары технологиялық құралдар мен құрылғыларды, сондай-ақ гүлдерді қоса алғанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттайды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда нидерланд капиталының қатысуымен 700-ден астам компания табысты жұмыс істеуде. Олардың қатарында Shell, Van Oord, APM Terminals және Philips сияқты танымал компаниялар бар. Shell компаниясы Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы ірі мұнай-газ жобаларын іске асыруға қатысуда. Van Oord Ақтау және Құрық порттарындағы теңіз құрылысы жобаларына тартылған. APM Terminals Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамытуға белсенді қатысуда. Philips компаниясы Қазақстандағы клиникаларға медициналық жабдықтар жеткізеді.
Отырыс барысында Қазақстанның экономиканы әртараптандыру, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту, цифрландыру, жасыл энергетика және тұрақты даму салаларындағы басымдықтары Нидерландтың технологиялық және инвестициялық құзыреттерімен едәуір сәйкес келетіні атап өтілді.
Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Middle Corridor) дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінде Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық транзиттің шамамен 70%-ын қамтамасыз етеді, бұл нидерландтық компаниялардың көлік, порт, логистика және инфрақұрылымдық жобаларға қатысуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Дана Қасымова Қазақстан–Нидерланд Іскерлік кеңесі екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы тікелей диалогты дамытуға арналған маңызды институционалдық алаң екенін атап өтті. «Бүгінгі кездесу Қазақстан мен Нидерланд бизнесінің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген өзара жоғары қызығушылығын тағы бір мәрте дәлелдейді. Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен Нидерландтың инновациялық тәжірибесінің үйлесуі жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға және ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестікті дамытуға берік негіз қалыптастырады деп сенеміз», – деді Дана Қасымова.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар іскерлік өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге, серіктестік байланыстарды нығайтуға және Қазақстан мен Нидерланд арасындағы жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екендіктерін растады.
