Астанада Қазақстан-Өзбек Іскерлік кеңесінің 6-отырысы өтті
Бүгін Астанада Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевтің сапары қарсаңында Қазақстан-Өзбек Іскерлік кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Іс-шараға ҚР Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Қуантыров, Қазақстан Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, Өзбекстанның сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Дильшод Расулов, сондай-ақ екі елдің кәсіпкерлері мен іскер топтарының өкілдері қатысты. Отырыс қорытындысы бойынша екіжақты қатынастарды дамытудың жаңа кезеңіне ықпал етуі тиіс бірқатар негізгі келісімдер жасалды.
Өзбек векторы Қазақстан Сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Екі ел де экономикалық байланыстарды нығайтуға және халықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді өзара іс-қимылды көрсетеді. Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығы сауда, инвестиция, көлік және энергетика сияқты көптеген салаларды қамтиды.
"Біздің ынтымақтастығымыздың маңызды мысалдарына химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, электротехника және машина жасау салаларындағы жобалар жатады. Саран қаласында біз тұрмыстық техниканы бірлесіп өндіруді бастадық, бұл 2024 жылдың алғашқы бес айында 1,281 млрд теңгеге 37 мыңнан астам техниканы сатуға мүмкіндік берді, — деді өз сөзінде Қазақстан Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов.
Ол сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік дәліздерді қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын көлік инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Дарбаза-Мақтаарал жаңа теміржол желісін салу өткізу қабілетін 10 млн тоннаға арттырып, транзиттік қашықтықты қысқартатыны атап өтілді.
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Қазақстан Өзбекстанның сауда серіктестері арасында қытай мен Ресейден кейін тұрақты түрде 3-орында тұр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда 4,4 млрд долларды құрады. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында тауар айналымы 1,9 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстаннан Өзбекстанға экспорттың негізгі тауарлары бидай, ұн, өсімдік майы, ет, картоп және арпа болып табылады. Өзбекстаннан әкелінетін негізгі тауарларға жемістер, көкөністер, пияз және сарымсақ жатады.
"Бүгінде Қазақстан Өзбекстанға келетін туристер саны бойынша топ-5 елдің қатарына кіреді, бұл Өзбекстанның мәдени және тарихи мұрасына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді", — деп атап өтті ол.
Елші қазақстандық капиталмен 1043 бірлескен кәсіпорынның табысты жұмыс істеуін қоса алғанда, екі ел арасындағы бизнес-кооперациялардың жоғары деңгейі туралы да айтты.
Іскерлік кеңестегі өзбек делегациясын Өзбекстанның сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Дильшод Расулов басқарды, ол біздің елдеріміздің бизнес-байланыстарын нығайту үшін осындай бірлескен іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.
"Біз кәсіпкерлер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық пен сенімді іскерлік қарым-қатынасқа үлкен мән береміз. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 4,3 миллиард АҚШ долларынан асты, оның ішінде экспорт – 1,3 миллиард АҚШ долларынан астам, ал импорт – 3 миллиард АҚШ долларынан астам. Сонымен қатар, біз Іскерлік кеңес қызметінің тұрақтылығы туралы сенімді түрде мәлімдей аламыз, оның шеңберінде тұрақты негізде екі елде кезекпен бизнес іс - шаралар өткізіледі", - деп атап өтті Дильшод Расулов.
Отырыс қорытындысы бойынша екіжақты қатынастардың дамуына жаңа серпін беруге арналған маңызды құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Төрелік орталығы мен Ташкент халықаралық төрелік орталығы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл Келісім екі елдің кәсіпкерлері арасындағы дауларды шешудің құқықтық негізін нығайтуға арналған. Сондай-ақ Тараптар Қазақстан Республикасында Өзбекстан Республикасының сауда үйі мен бизнес-орталығын ашуды, сондай-ақ Ташкентте Қазақстан-өзбек бизнес-қауымдастығын құруды көздейтін хаттамаға қол қойды.