Астанада Жапония бизнес федерациясының делегациясымен келіссөздер өтті
2026 жылғы 9 шілдеде Астанада «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басшылығы жұмыс сапарымен Қазақстанға келген Жапония бизнес федерациясы (KEIDANREN) өкілдік делегациясымен кездесу өткізді. Бұл сапар KEIDANREN өкілдерінің Астанаға жасаған алғашқы тарихи сапары болып, екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей диалогты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашты.
Қазақстан тарапынан кездесуге «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, Қазақстан–Жапония сауда-экономикалық ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Сабр Есімбеков қатысты. Жапония тарапына KEIDANREN ұйымының «Жапония – ТМД» іскерлік ынтымақтастық комитетінің төрағасы Такэси Хасимото жетекшілік етті. Делегация құрамында сондай-ақ Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ясумаса Иидзима, KEIDANREN өкілдері, сондай-ақ Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі Жапонияның ірі корпорациялары мен салалық қауымдастықтарының басшылары болды.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ екі елдің іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын талқылады.
Кездесуді аша отырып, Қанат Шарлапаев Жапонияның ұзақ жылдар бойы Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі болып келе жатқанын әрі ел экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың қатарына кіретінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде ынтымақтастық жаңа сапалы деңгейге көтеріліп, онда өнеркәсіптік кооперация, технологиялық даму, өндірістерді жергіліктендіру және инженерлік кадрларды даярлау салаларындағы бірлескен жобалар ерекше маңызға ие болып отыр.
Қатысушылар бизнес жүргізу жағдайларын жетілдіру, мемлекет пен кәсіпкерлік қоғамдастық арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін дамыту, сондай-ақ «Атамекен» ҚР ҰКП мен KEIDANREN арасындағы тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазақстан тарапы бизнестің мүдделерін шоғырландыру және экономикалық саясатты қалыптастыру барысында кәсіпкерлік қоғамдастықтың теңгерімді ұстанымын қалыптастыру жөніндегі Жапония тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдірді.
Келіссөздердің жеке бағыты энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, көлік-логистикалық дәліздерді дамыту және жапондық компаниялардың Қазақстандағы инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысуын кеңейту мәселелеріне арналды. Басымдық ретінде Қазақстанның шағын және орта бизнес кәсіпорындарын жетекші жапон корпорацияларымен бірлескен жобаларға тарту, өндірістерді жергіліктендіруді дамыту, сервистік орталықтар құру және өнеркәсіптік инфрақұрылымды басқарудың заманауи технологияларын енгізу айқындалды.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Палатаның қазақстандық және жапондық компаниялар арасындағы әріптестікті дамытуға, оның ішінде сенімді серіктестерді іздестіруге, іскерлік миссияларды ұйымдастыруға және бірлескен жобаларды сүйемелдеуге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Қазақстан–Жапония сауда-экономикалық ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Сабр Есімбеков кездесуде талқыланған мәселелердің айрықша маңызын атап өтіп, Ұлттық палатаның оларды іс жүзінде жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Осыған байланысты ол жапон тарапын биыл жылдың соңында Астанада өтетін Қазақстан–Жапония сауда-экономикалық ынтымақтастық комитетінің кезекті отырысына қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, осы күні KEIDANREN делегациясы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновпен өткен кездесуге қатысты. Кездесуге Қанат Шарлапаев та қатысты. Келіссөздер барысында Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, іскерлік ахуалды жетілдіру, көлік-логистикалық және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жетекші жапон компаниялары мен қазақстандық бизнестің қатысуымен бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Өндірістерді жергіліктендіру, технологиялар трансфері, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және Қазақстан экономикасына жаңа инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.