Неміс сапасымен жасалған – Қазақстанда өндірілген: Қазақстан немістерінің форумында табысты бизнес-жобалар таныстырылды
                            2025 жылғы 3 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өткен «Болашаққа көзқарас» атты Қазақстан немістерінің форумы аясында «Неміс сапасымен жасалған – Қазақстанда өндірілген» тақырыптық секциясы өтті. Іс-шара бизнес өкілдерін, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдарды біріктірді.
Форумға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Возрождение» қорының тең құрылтайшысы Альберт Рау, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Диана Жақутова, Қазақстан–Германия бизнес-клубының төрағасы Константин Урих, «Рубиком» компаниясының негізін қалаушы Вячеслав Руф, сондай-ақ инвестиция, технология және ШОБ саласының сарапшылары қатысты.
Талқылаудың негізгі тақырыбы — өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, машина жасау және қайта өңдеу салаларындағы қазақстандық–германиялық бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндіктері болды. Қатысушылар неміс сапасы сенімділік пен кәсібиліктің символына айналғанын атап өтті. Неміс инженерлік мектебі мен қазақстандық кәсіпкерлік әлеуеттің үйлесуі отандық өндірістің дамуына мықты негіз қалайды.

Өзінің құттықтау сөзінде Диана Жақутова атап өтті: "Неміс сапасымен жасалған – Қазақстанда өндірілген" бренді – бұл жай ғана өнімнің шығу тегі емес. Бұл философия – нәтиже үшін жауапкершілік, мінсіздікке ұмтылыс және еңбекке құрмет. Біз “Родина”, “Рубиком”, “СВС Групп” сияқты неміс тамыры бар компаниялардың жоғары стандарттар мен қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің символына айналғанын көріп отырмыз. Қазақстан өз тарапынан мұндай бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасайды – цифрлық қолдау құралдарынан бастап халықаралық сапа стандарттарын енгізуге дейін".
Іс-шара барысында Milkh, Gold Produkt, Böhmer Armaturen компаниялары мен Халықаралық технологиялар және құзыреттер орталығы (ICTC) өз жобаларын таныстырып, алмасу және технологиялық серіктестік бағдарламалары аясында қазақстандық және неміс кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер туралы айтты.
Форумның соңында тараптар ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойып, екі елдің іскер топтары арасындағы өзара байланыстарды кеңейту жөнінде келісімге келді.