Қазақстанда АӨСШК-нің 9-бизнес-форумы өтті: негізгі нәтижелер
2024 жылдың 20 қарашасында Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Сыртқы сауда палатасы ұйымдастырған АӨСШК-нің 9-бизнес-форумы өтті. Шараға АӨСШК Іскерлік кеңесінің мүшелері мен қатысушы мемлекеттердің бизнес өкілдері қатысып, инвестициялық жобаларды таныстыруға, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылауға және іскерлік байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берілді. Форумға жалпы саны 100-ге жуық компания, сондай-ақ Оңтүстік Корея, Қытай, Ауғанстан, Моңғолия, Бангладеш, Үндістан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркиядан қонақтар қатысты. Шараны «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің мүшесі Айдар Қазыбаев жүргізді.
Пленарлық сессия: сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер
Форум барысында негізгі баяндамашылар сөз сөйлеп, іс-шараның басты міндеттерін белгіледі. «Green State Power Technical Services and Energy Consultancy Company» президенті Джалалзай Зиаурахман Ауғанстан мен бүкіл аймақ үшін трансшекаралық сауданы және электрондық коммерцияны дамыту маңыздылығын атап өтті.
«Трансформация кезеңінен өтіп жатқан Ауғанстан трансшекаралық сауда және электрондық коммерция саласында көптеген қиындықтарға тап болуда. Логистика, цифрлық инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы және төлем жасау мүмкіндіктерінің шектеулері – бұл еңсеруді қажет ететін негізгі кедергілер. Дегенмен, осы қиындықтарға қарамастан, Ауғанстан бизнесті және инвесторларды қызықтыратын зор мүмкіндіктер ұсынады», – деді баяндамашы.
Сондай-ақ ол «GSP» компаниясының инвестиция мен сауданы қолдау мақсатында инфрақұрылым құру жоспары туралы айтты.
«Біз Ауғанстандағы әртүрлі жобаларды инвесторлармен байланыстыратын Invest Platform әзірледік. Бұл платформа шешім қабылдау үдерісін жеңілдетіп, энергетика, көлік, жол және бөгет құрылысы, сондай-ақ денсаулық сақтау сияқты негізгі салаларға инвестиция тартуға көмектеседі», – деп бөлісті Джалалзай Зиаурахман.
Форумда сөз алған «Атамекен» ҰКП өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күлпаршын Айдарханова әйелдер кәсіпкерлігінің жетістіктері мен кездесетін қиындықтарына тоқталды.
«Әйелдер кәсіпкерлерінің санының едәуір артқанын көріп отырмыз, бірақ олар қаржыға және оқуға қол жеткізу мәселелерінде қиындықтарға тап болуда. Бізге жүйелі қолдау қажет, оның ішінде оқу орталықтарын ашу, аудандарда екінші деңгейлі банктер құру, сондай-ақ әйел-кәсіпкерлердің мүдделерін қорғайтын заңнаманы әзірлеу керек», – деді Айдарханова.
Сонымен қатар, ол Ақтөбе облысындағы Іскер әйелдер кеңесінің жұмысының нәтижелерін таныстырып, ауылдық аймақтарда әйелдердің бизнес жобаларын жүзеге асыру және оқыту бойынша жетістіктерді атап өтті.
«KTZ Express» АҚ басқарушы директоры Марат Садықов Қазақстанның халықаралық дәліздердің тоғысындағы транзиттік хаб ретіндегі рөлі туралы айтты.
«Біз Қытайдан Еуропаға жүк жеткізу уақытын екі есе қысқартатын Транскаспий маршрутын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Әзербайжан, Грузия және Түркиядағы серіктестермен бірлескен жобалар қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижелер көрсетуде, ал процестерді цифрландыру көлік қызметтерін қолжетімді әрі тиімді етуде», – деп атап өтті Марат Садықов.
B2B және G2B-сессиялар: ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер
Форум іскерлік кездесулер өткізуге тиімді алаңға айналды. Қатысушылар өз жобаларын таныстырып, олардың жүзеге асырылу мүмкіндіктерін талқылады. Негізгі тақырыптар қатарында – көлік инфрақұрылымын дамыту, бизнеске цифрлық шешімдерді енгізу және экономиканың негізгі салаларына инвестиция тарту мәселелері болды.
Қытайдың «Neptune Logistics» логистикалық компаниясының өкілі Бонни Чжу халықаралық бағыттарды дамыту үшін серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.
«Біз Транскаспий маршрутының зор әлеуетін көріп отырмыз және оның дамуы бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. «Xiaomi» және «BYD» сияқты ірі компаниялармен ынтымақтастық біздің мультимодальды логистикалық қызметтерді ұсыну тәжірибеміздің маңыздылығын көрсетеді», – деді қытайлық логистикалық компания өкілі.
Қорытындылар мен болашақ жоспарлар
АӨСШК-нің тоғызыншы бизнес-форумы бірқатар келісімдермен аяқталды. Олардың ішінде – оқыту бағдарламаларын өткізу, бірлескен инвестициялық бастамаларды әзірлеу және бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматын енгізу.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың АӨСШК-не қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту және аймақтың жаһандық экономикадағы орнын нығайту үшін маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Сыртқы сауда палатасы осындай бастамаларды қолдауды жалғастыруға және халықаралық іскерлік байланыстарды нығайтуға дайын екенін білдірді.
Форумға қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және негізгі жобаларды талқылау мен іске асыруға арналған алаң ретінде тиімділігін атап өтті.