Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық болашағы Уфадағы форумда талқыланды
27 қарашада Уфада Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың ХХ Форумының Пленарлық отырысы өтті. Форумның тақырыбы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық әлеуетін іске асыру болды. Іс-шараны ресми түрде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин ашты.
Кездесуге Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Патрушев және Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов қатысты.
Форум қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде Тимур Жаркенов екі ел экономикасының дамуы үшін өңіраралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
«Өңіраралық өзара әрекеттестік – бұл екіжақты қатынастардың қосымша элементі мен маңызды бөлігі. Нақты жобалар аймақтарда жасалып, сауда айналымының өсуі мен бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға негіз қалайды», – деді Жаркенов.
Ол сондай-ақ көлік-логистикалық ынтымақтастыққа назар аударып, екі ел арасындағы шекаралық өткізу пункттерінің ашылғанын атап өтті. «2022 және 2023 жылдары «Бугристое», «Озинки», «Кулунда» және басқа да өткізу пункттері ашылды, бұл Ресейден ағаш импортын 20%-ға арттырды. Алайда, бизнес мұндай мүмкіндіктердің әрі қарай кеңеюін күтуде, және біз жаңа пункттер бойынша оң шешімдер қабылданады деп үміттенеміз», – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, спикер Башқұртстан Республикасымен табысты ынтымақтастық тәжірибесін, соның ішінде «Иннопром. Қазақстан» көрмесі аясында жол картасына қол қойылғанын және сауда-экономикалық орталықтар мен логистикалық хабтарды құру жоспарларын айтты.
«Өзара ынтымақтастық аясында қарастырылып жатқан перспективалы бағыттардың бірі – Батыс Қазақстан облысында орналасқан, Башқұртстанға жақын трансшекаралық ынтымақтастық жобасы. Қол қойылған Меморандумға сәйкес, тараптар Қазақстан аумағында сауда-экономикалық ынтымақтастық орталықтарын және Башқұртстан аумағында көлік-логистикалық хабтарды құру мен дамытуға ықпал етеді», – деді Жаркенов.
Өз сөзінің соңында Жаркенов Өңіраралық ынтымақтастық форумының платформасы экономикалық өзара әрекеттестікті тереңдетуге ықпал ететінін атап өтті.
«Біздің бірлескен күш-жігеріміз қиындықтарды еңсеруге, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектеседі. Мысалы, форум барысында Қостанайлық кәсіпкерлер 100-ден астам В2В-кездесу өткізді, сондай-ақ Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы ресейлік бизнеске қажетті консультациялар көрсетті. Жеке кәсіпкер Малимоненко Светлана Ивановна CityHD компаниясымен 237 млн теңгеге көпбрендті жиһаз жеткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Буровина Наталья Сергеевна салмақ жабдықтарын өндіретін зауытпен 10 млн рубльге сынақтық сатып алу туралы келісімге келді», – деп атап өтті спикер.
Форум қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Башқұртстан Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасы одағымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.