

Пәкістандық бизнес-делегация Астанаға келіп, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасымен келіссөздер жүргізді

2025 жылғы 2 қазанда Астанада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Пәкістан Ислам Республикасының Пенджаб провинциясындағы Гуджранвала қаласынан келген бизнес-делегациямен кездесу өткізді.
Кездесудің ашылуында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Диана Жакутова және «Атамекен» ҰКП президиум төрағасының кеңесшісі Қанат Әлин құттықтау сөз сөйледі.
Өз сөзінде Диана Жакутова Палатаның қызметін таныстырып, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы экспорттаушыларға, инвесторларға және кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті. Ол Палата сенімді серіктестерді іздеуден бастап жобаларды сараптау, бизнес-форумдар ұйымдастыру және мәмілелерді сүйемелдеуге дейін «кілтті тапсыру» қағидаты бойынша қызметтер ұсынатынын жеткізді.
«Палата шағын және орта бизнеске келісімшарттық міндеттемелердің орындалмауына байланысты мәселелерде ерекше қолдау көрсетеді. Біз кеңес беру қызметтерін ұсынып, кәсіпорындарға форс-мажорлық жағдайларға байланысты шығындарды азайтуға көмектесеміз. Сондай-ақ біз В2В және В2G кездесулері өткізілетін бірлескен Бизнес-форумдар мен Іскерлік кеңестер ұйымдастырамыз. Бұл қазақстандық және шетелдік бизнестің ынтымақтастығын дамытуға ықпал етеді», — деп атап өтті Диана Жакутова.
Пәкістан делегациясын IT, спорттық тауарлар, тоқыма және білім беру салаларында бизнес жүргізетін Ахмад Икрам Лоне бастап келді. Ол жылы қабылдау үшін ризашылығын білдіріп, екі ел кәсіпкерлері арасындағы ынтымақтастықтың нығаятынына сенім артты.
Делегация құрамында тұрмыстық техника өндіруші Умер Мехмуд, тоқыма өнімдерін өндіруші Мұхаммед Васим, тот баспайтын болат пен меламин ыдыстарын өндіруші Мохсин Али, қаптама материалдары мен тоқыма аксессуарларын, экспортқа арналған сақтау шешімдерін өндіруші Салман Акрам Шейх, сондай-ақ Гуджранваланың ең ірі цифрлық жаңалықтар желісінің өкілі Мұхаммед Кашиф болды.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын және Қазақстан мен Пәкістан бизнес-қоғамдастықтары арасындағы серіктестік байланыстарды орнату мүмкіндіктерін талқылады.