Қазақстан мен Индонезия іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуде: Астанада Индонезия делегациясымен кездесу өтті
2026 жылғы 11 мамырда Астанада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақовтың Индонезия Республикасының Экономикалық мәселелер жөніндегі үйлестіруші министрі Эйрлангга Хартарто бастаған Индонезия Республикасы делегациясымен кездесуі өтті.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, Индонезия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі доктор Мохамад Фаджруль Рахман, Индонезия Республикасының Экономикалық мәселелер жөніндегі үйлестіруші министрлігінің Бас хатшысы Сусивиджоно Моегиарсо, Индонезия Республикасының Экономикалық мәселелер жөніндегі үйлестіруші министрінің арнайы кеңесшісі Бухюнг Ли қатысты.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Индонезия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ екі елдің іскерлік топтары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады. Бірлескен кәсіпорындар құруға, машина жасау, минералдық шикізатты қайта өңдеу, агроөнеркәсіптік кешен, туризм салаларындағы кооперацияны дамытуға және Индонезияның арнайы экономикалық аймақтарындағы жобаларды ілгерілетуге ерекше назар аударылды.
Кездесу аясында Мұрат Қарымсақов Қазақстан мен Индонезия кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтудың маңыздылығын, сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының халықаралық жобаларды сүйемелдеу мен бизнесті қолдаудағы рөлін атап өтті.
«Біз Қазақстан–Индонезия Іскерлік кеңесін құруды жеке секторды тарту және нақты іскерлік байланыстарды дамытуға арналған негізгі құрал ретінде қарастырамыз. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Қазақстан мен Индонезияның іскерлік топтары арасындағы көпір рөлін атқаруға, B2B байланыстарды қолдауға және бірлескен жобаларды ілгерілетуге дайын», — деп атап өтті Мұрат Қарымсақов.
Сонымен қатар, тараптар Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Индонезияның Сауда-өнеркәсіп палатасы (KADIN) арасындағы өзара іс-қимыл барысын, оның ішінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюға дайындықты және Қазақстан–Индонезия Іскерлік кеңесін құру перспективаларын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және Қазақстан мен Индонезия арасындағы бірлескен инвестициялық бастамаларды іске асыруға мүдделіліктерін растады.