«Атамекен» ҚР ҰКП АӨСШК Іскерлік кеңесі Басқармасының отырысына қатысты
25 мамыр күні «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Іскерлік кеңесі Басқармасының онлайн форматта өткен отырысына қатысты.
Отырыс барысында қатысушылар АӨСШК Іскерлік кеңесінің 2026 жылға арналған қызмет басымдықтарын, мүше мемлекеттер арасындағы практикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін, сондай-ақ АӨСШК Іскерлік кеңесінің 9-шы отырысы мен 11-ші Бизнес-форумына дайындықты талқылады. Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Ресей және Таиланд өкілдері қатысты.

«Атамекен» ҚР ҰКП атынан ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Мұрат Қарымсақов сөз сөйледі. Өз сөзінде ол АӨСШК Хатшылығын алдағы 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, ұйымның Азия мемлекеттері арасындағы көпжақты өзара іс-қимылды дамытудағы үлесін атап өтті.
Мұрат Қарымсақов сондай-ақ халықаралық және өңірлік құрылымдарды, соның ішінде қаржы институттарын АӨСШК кеңістігінде шағын және орта бизнесті ілгерілету мәселелерін талқылауға тартудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл пікірталастарды сапалы сараптамалық бағалаумен толықтырып, кәсіпкерлікті дамытуға жаңа тәсілдер әзірлеуге мүмкіндік береді.
Сөз сөйлеу барысында шағын және орта бизнесті цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ұлттық палата тарапынан ШОБ-ты цифрландыру мәселесін АӨСШК Іскерлік кеңесінің күн тәртібіне одан әрі ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі ретінде енгізу ұсынылды. Мұрат Қарымсақов атап өткендей, Қазақстан цифрлық реформалар мен инновациялық шешімдерді енгізу саласындағы елеулі тәжірибесіне сүйене отырып, Кеңес пен АӨСШК Бизнес-форумы аясында осы бағытты дамытуға практикалық үлес қосуға дайын.
Сонымен қатар, ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбайдың цифрландыру мен әйелдер кәсіпкерлігі секілді негізгі тақырыптарды талқылауды жалғастыру жөніндегі бастамасын қолдады.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар шағын және орта бизнесті қолдау, іскерлік байланыстарды кеңейту және АӨСШК аясында бірлескен бастамаларды ілгерілету бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін растады.
