bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Қазақстан–Жапония...

Қазақстан–Жапония ынтымақтастығы: іскерлік кездесулер мен форум қорытындылары

img

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов Жапонияға жұмыс сапарымен барып, оның аясында іскерлік кездесулер өткізіліп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар маңызды халықаралық іс-шараларға қатысу қамтамасыз етілді.

Атап айтқанда, 19 желтоқсан күні Токио қаласында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Жапонияның Сауда-өнеркәсіп палатасының (JCCI) өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Олардың қатарында JCCI Төрағасы Мацуока мырза, Токио қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасының Төрағасы Кавамото мырза, халықаралық департаменттің атқарушы директоры әрі бас менеджері Кацуя Игараси мырза, сондай-ақ Жапонияның іскерлік топтарының басқа да өкілдері болды.

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, бизнес-қауымдастықтар арасындағы тікелей байланыстарды кеңейту мәселелерін, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.   

JCCI-мен өткен кездесулерден кейін сапардың іскерлік бағдарламасы Токиодағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінде (United Nations University - UNU) өткен конференцияға қатысумен жалғасты. Аталған іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Президенті дәріс оқып, онда жаһандық даму, орнықтылық және халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне кеңінен тоқталды. Мемлекет басшысының БҰҰ жүйесіне кіретін университеттегі бұл сөзі ресми сапар бағдарламасының маңызды бөлігіне айналып, Қазақстанның әлемдік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымына халықаралық академиялық қауымдастықтың жоғары қызығушылығын көрсетті.

Сапардың іскерлік бағдарламасы 20 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Орталық Азия – Жапония» бизнес-форумына қатысумен жалғасты. Іс-шараға Мемлекет басшысымен қатар Жапонияның Премьер-министрі Санаэ Такаичи, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердымұхамедов және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

Бизнес-форум аясында «Жасыл даму және орнықтылық», «Цифрлық трансформация және өзара байланыстылық», «Бизнеске арналған қаржы, адами ресурстар және әлеуметтік жүйені дамыту» тақырыптарында салалық сессиялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар Орталық Азия елдері мен Жапонияның іскерлік топтары арасында жаңа әріптестік байланыстар орнатуға және бірлескен бастамаларды ілгерілетуге бағытталған кездесулер өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға жасаған сапары мен «Орталық Азия – Жапония» бизнес-форумының маңызды нәтижелерінің бірі - қазақстандық тарап пен жапондық бизнес құрылымдар арасында жалпы сомасы 3,72 млрд АҚШ долларын құрайтын 60-тан астам құжатқа қол қойылуы болды. Қол жеткізілген келісімдер тараптардың өзара сенімінің жоғары деңгейін және ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге деген мүдделілігін айқын көрсетеді.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы халықаралық іскерлік байланыстарды дамыту, инвестициялар тарту және қазақстандық бизнестің жапон нарығында әрі өңірлік деңгейде жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жәрдемдесу бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыра береді.

view 106
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.