bg
bg

Шушадағы ЭЫҰ Бизнес-форумында Қазақстан сауда-инвестициялық басымдықтарын таныстырды

img

2025 жылғы 2 шілдеде Әзербайжан Республикасының Шуша қаласында Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) 17-ші саммиті аясында «ЭЫҰ аймағында орнықты дамудың катализаторы ретінде инвестициялар мен сауданы ілгерілету» тақырыбымен ЭЫҰ-ның 6-шы Бизнес-форумы өтті.

Форумға Қазақстанның Сыртқы сауда палатасынан Басқарма мүшесі – Аппарат басшысы Асан Жәкішев қатысып, сыртқы экономикалық өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары мен орнықты дамудың басымдықтары жөнінде баяндама жасады.

Асан Жәкішев өз сөзінде форум ұйымдастырушыларына жоғары деңгейде өткізілген іс-шара үшін алғысын білдіріп, Шуша қаласының тарихи мұра мен өңірлік бірліктің символы ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Ол жаһандық экономикалық трансформацияларға бірлесіп ден қоюдың өзектілігін және ЭЫҰ елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызын ерекше атап өтті.

«Тек біріккен күш-жігер, мемлекет басшыларының дипломатиясы, даму стратегияларын үйлестіру мен инфрақұрылымдық және адами ресурстарды бірігіп пайдалану ғана өңірлік орнықты өсімнің берік негізін қалыптастыра алады», – деді Асан Жәкішев.

Оның айтуынша, Қазақстан ЭЫҰ елдерімен сыртқы сауда байланыстарында оң серпінді көрсетіп келеді. 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында тауар айналымы 3,5 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға артты. Экспорт көлемі 12,4%-ға өсіп, 2,6 млрд долларға жетті. Қазақстанның өңірдегі негізгі сауда серіктестері Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан болып қала береді.

Логистиканы дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» бағыттары бойынша инфрақұрылымды белсенді дамытып, Транскаспий халықаралық көлік бағытына басымдық беруде. 2024 жылы осы бағыт арқылы 4,5 млн тонна жүк тасымалданды. Ақтау және Құрық порттары, Қорғас құрғақ порты дамытылуда, теміржол желісі жаңғыртылып жатыр. Логистиканы цифрландыру және рәсімдерді біріздендіру ілгерілетілуде.

Қазақстанның инвестициялық ахуалына да баса назар аударылды. Елде 15 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, шетелдік қатысумен 49 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. 2029 жылға дейін 150 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту мақсатында жаңа инвестициялық цикл іске қосылды. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 21 млрд доллардан астам сомаға келісімдерге қол қойылды.

Форум аясында B2B және B2G форматтарында іскерлік кездесулер өтті, олар бірлескен жобалар мен серіктестіктің жаңа бағыттарын талқылауға арналды.

Шушада өткен Бизнес-форум ЭЫҰ елдері арасындағы диалогтың маңыздылығын растады және өңірдегі экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге жаңа мүмкіндіктер ашты. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы бірлескен бастамаларды ілгерілету мен бизнесті қолдауға ашық алаң ретінде қызмет етуге дайын екендігін растады.

view 30
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.