Қазақстан мен Солтүстік Македония іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуде: Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойылды
2026 жылғы 20 сәуірде Скопье қаласында (Солтүстік Македония) екі елдің мемлекеттік органдары мен іскерлік қауымдастық өкілдерінің қатысуымен Қазақстан–Солтүстік Македония бизнес-форумы өтті.
Форум жұмысына Солтүстік Македония Республикасының сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Тимчо Муцунски және Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі Арман Шаккалиев қатысты. Қазақстан тарапынан іс-шараға Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Алин қатысты.
Форумның негізгі оқиғасы – министрлердің қатысуымен өткен құжаттарға қол қою рәсімі болды. Оның аясында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Солтүстік Македонияның Экономикалық палатасы арасында Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойылды.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Қанат Алин:
«Біздің палаталарымыз арасында Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қою – бұл жай ғана хаттамалық рәсім емес. Бұл бизнес пен қолдау институттары арасындағы тікелей өзара іс-қимыл арнасын ашатын, B2B байланыстарды жеделдететін және сауда, логистика, фармацевтика, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, сондай-ақ қызметтер мен технологиялар салаларында нақты жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін практикалық құрал», – деп атап өтті .

Форум барысында Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдан астам уақыт ішінде орнықты негізі қалыптасқаны атап өтілді. Сонымен қатар, өзара сауда көрсеткіштері айтарлықтай пайдаланылмаған әлеуеттің бар екенін көрсетеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 3,7 млн АҚШ долларын құрады, бұл ретте экспорт пен импорттың төмендеуі байқалады. Бұл өз кезегінде сауда ағындарын кеңейту және жаңа жобаларды іске қосу бойынша бірлескен жұмысты жандандыру қажеттігін айқындайды.
Іс-шара аясында серіктестікті дамыту бойынша практикалық шараларға, оның ішінде инвестициялық жобаларды іске асыруға жағдай жасауға, транзиттік бағыттарды дамытуға және экономиканың басым секторларындағы кооперацияны нығайтуға ерекше назар аударылды.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы бизнеске жан-жақты қолдау көрсететін тиімді платформа ретінде атап өтілді. Палата нарықты талдаудан бастап серіктестерді іздеуге, сыртқы экономикалық қызметті сүйемелдеуге және «толық цикл» форматында жобаларды іске асыруға дейін кешенді қызметтер ұсынады. Сонымен қатар, көрмелік үлгілер мен жабдықтарды уақытша бажсыз әкелуге мүмкіндік беретін халықаралық Carnet ATA кедендік құжатын рәсімдеу тетігі де қолданылады.
Форумды өткізу және Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қою Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтудың маңызды қадамына айналып, өзара сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған нақты жобаларды іске асыруға негіз қалайды.