bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Қазақстан мен Италия...

Қазақстан мен Италия экономикалық әріптестікті тереңдету мәселесін талқылады

img

2025 жылғы 16 шілдеде «Италия Қазақстанмен кездеседі: іскерлік қауымдастықтарды біріктіру» атты онлайн іс-шара өтті. Бұл шара екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға арналды.

Қатысушыларға құттықтау сөз сөйлегендер: Қазақстандағы Италияның Елшісі Антонелло де Риу, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров және Cassa Depositi e Prestiti (CDP) халықаралық нарықты дамыту бөлімінің жетекшісі Лоран Франсуа.

Қазақстан тарапынан пікірталасқа Қазақстанның Халықаралық сауда палатасының Басқарма мүшесі – Аппарат басшысы Асан Жәкішев қатысып, Италиямен кооперация мүмкіндіктері мен экономикалық динамика туралы баяндама жасады.

Асан Жәкішев Италияның Қазақстанның Еуропалық Одақ елдері арасындағы үш ірі сауда серіктесінің бірі екенін және шетелдік инвесторлар қатарында жетекші орындардың бірін алатынын атап өтті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 20 млрд АҚШ долларына жуықтаған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 24,2%-ға жоғары. Оның ішінде 18,5 млрд доллары – Қазақстаннан экспорт, ал 1,4 млрд доллары – Италиядан импорт.

«Біз өзара қарым-қатынастарымызды орнықты әріптестікті, өндірістік кооперацияны және бірлескен бастамаларды дамытуға арналған алаң ретінде қарастырамыз. Әсіресе италиялық бизнестің құзыреттері Қазақстанның табиғи ресурстары мен логистикалық әлеуетімен үйлесетін бағыттарды перспективалы деп санаймыз», — деді Асан Жәкішев.

Сондай-ақ, ол 2025 жылдың бірінші тоқсанында екіжақты сауда көлемі 4,4 млрд АҚШ долларын құрағанын айтып, бұл серіктестіктің оң динамикасын дәлелдейтінін жеткізді.

Өз сөзінде Асан Жәкішев Қазақстанның Орталық Еуразиядағы өндірістік және логистикалық хаб ретіндегі стратегиялық рөлін атап өтті. Қазақстан индустрияландыру, цифрландыру, жасыл энергетиканы дамыту және өндірісті жергіліктендіру бойынша бағдарламаларды белсенді жүзеге асыруда. Бұл өңдеу, логистика және энергетика салаларындағы бірлескен жобалар үшін қолайлы жағдай жасайды. Транскаспий дәлізін Азия мен Еуропа арасындағы орнықты көлік арнасы ретінде дамытуға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, Қазақстанның Халықаралық сауда палатасы 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 50-ден астам іс-шара өткізіп, сыртқы нарықтарға шығу кезінде 300-ден астам қазақстандық компанияға қолдау көрсеткенін айтты.

Онлайн-кездесу Қазақстан мен Италия арасындағы іскерлік диалогты ілгерілету мен экономикалық ынтымақтастық бағыттарын нақтылау үшін маңызды алаң болды.

view 22
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.