bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Қазақстан мен Түркия...

Қазақстан мен Түркия экономикалық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруде

img
15 Сәуір 2026

Қазақстан мен Түркия бірлескен өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды нақты іске асыру кезеңіне өту арқылы экономикалық әріптестікті күшейтіп келеді. Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Түркия Республикасының Вице-президенті Джевдет Йылмаздың қатысуымен Қазақстан-Түркия дөңгелек үстелі өтті. Отырыста «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев модераторлық етті. Кездесу барысында бизнестің нақты жобалар мен салалық шешімдерді қалыптастыруға қатысуына негізделген экономикалық өзара іс-қимылдың жаңа архитектурасы іс жүзінде айқындалды.

 

Изображение

 

Негізгі назар мемлекеттік деңгейдегі диалогты екі елдің ірі компанияларының тікелей қатысуымен толықтыратын ынтымақтастықтың практикалық моделіне көшуге аударылды. Осы тұрғыда Қанат Шарлапаев Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар тарихи бауырластық пен тұрақты әріптестікке негізделгенін, ал, бүгінде бұл байланыстар өнеркәсіп, инвестициялар және сауданы қамтитын жаңа деңгейдегі экономикалық кооперацияға ұласып жатқанын атап өтті.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов өз сөзінде:

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет жаңа инвестициялық циклді іске қосу және сапалы инвестициялар көлемін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Біз түрік бизнесімен әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделіміз. Қазақстанда бұл үшін қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер жеткілікті. Осыған байланысты Үкімет жаңа жобаларды жан-жақты қолдауға дайын», - деді.  

 

Изображение

 

Түркия Республикасының Вице-президенті Джевдет Йылмаз түрік тараптың Қазақстандағы өнеркәсіптік және инвестициялық қатысуын кеңейтуге, сондай-ақ, ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға қызығушылығын растады.

Диалогтың экономикалық негізі өзара сауданың тұрақты өсімімен нығаюда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 5,41 млрд АҚШ долларын құрап, жылдық өсім 8,8%-ға жетті. Қазақстан экспорты 17,7%-ға өсіп, 3,9 млрд АҚШ долларына жетті, бұл қазақстандық өнімнің түрік нарығындағы позициясының күшеюін және экспорт құрылымының кеңеюін көрсетеді. Түркиядан импорт 1,51 млрд АҚШ долларын құрап, өзара сауданың теңгерімді құрылымын сақтап отыр. Сонымен қатар, 2005-2025 жылдар аралығында Түркиядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 6 млрд АҚШ долларын құрады, ал, 2025 жылы инвестициялар көлемі 389,5 млн АҚШ долларына жетті.

 

Изображение

 

Ынтымақтастықтың жаңа моделінде бизнестің рөлі айрықша мәнге ие болуда, себебі дәл осы бизнес болашақ әріптестіктің салалық бағыттарын айқындайды. Қазақстан тарапынан дөңгелек үстелге «Kaspi.kz» АҚ, Freedom Holding Corp., «Казцинк» ЖШС, BI Group және «Банк ЦентрКредит» АҚ қатысты. Түркия тарапынан Tiryaki Holding, YDA Holding, Abdi İbrahim, Nobel, Orzax Group, Rams Global, Repkon Holding және Taşyapı İnşaat компаниялары, сондай-ақ, MUSIAD, ТУКИБ және басқа да ірі бизнес-құрылымдар ұсынылды.

Бизнес-жобаларды талқылау нақты инвестициялық шешімдер мен салалық бастамаларға басымдықтың артқанын көрсетті. «Kaspi.kz» АҚ басқарма төрағасы әрі тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе Қазақстан мен Түркия арасындағы инвестициялық өзара іс-қимылдың күшейгенін атап өтіп, компанияның цифрлық платформаларды дамытуға, соның ішінде халықаралық активтерге салған инвестицияларының маңыздылығын айтты. Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов Түркияны қаржы нарығы қарқынды дамып келе жатқан, инвестициялық құралдар мен қаржылық қызметтерді кеңейту үшін әлеуеті жоғары стратегиялық нарық ретінде бағалады. «Казцинк» ЖШС басқарма төрағасы Жанат Жанботин металлургия, инжиниринг және өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған жасанды интеллект технологияларын енгізу салаларындағы кооперация мүмкіндіктерін атап өтті. «Банк ЦентрКредит» АҚ басқарушы директоры Марат Карибжанов ұзақ мерзімді қаржыландыру мен жобаларды сүйемелдейтін бірлескен тетіктерді дамытудың маңыздылығын көрсетті. BI Group тең құрылтайшысы Асхат Омаров цифрлық технологиялар, BIM-шешімдер және адамға бағдарланған жоспарлау қағидаттарына негізделген жаңа буын қалаларын дамыту моделіне көшу қажеттігін айтты.

 

Талқылау барысында практикалық инвестициялық күн тәртібін қалыптастыратын нақты жобалар да ұсынылды. Олардың қатарында Астанада ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу зауытын салу, Ақтөбеде логистикалық орталықты дамыту, Алматыда фармацевтикалық өндірісті кеңейту, Шымкентте алюминий өндірісін іске қосу, Солтүстік Қазақстан облысында агрохимия жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ, құрылыс, энергетика, агроөңдеу және тұтынушылық әрі өнеркәсіптік тауарлар өндірісі салаларындағы бастамалар бар.

Ұсынылған бастамалардың жиынтығы Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың тұрақты инвестициялық портфелінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 5,7 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 3,7 мыңнан астамы белсенді қызмет атқарады. Өзара іс-қимылды кеңейтуде «Астана» халықаралық қаржы орталығының да рөлі зор, мұнда қаржы, АКТ, өнеркәсіп және құрылыс салаларын қамтитын 70 түрік қатысуымен компания тіркелген.

Бұл жиын Қазақстан мен Түркия арасындағы әріптестіктің бірлескен жобаларды нақты іске асыру кезеңіне өткенін айқындап, инвестициялар, өнеркәсіптік кооперация және технологиялық даму негізінде ұзақ мерзімді экономикалық өзара іс-қимыл үшін берік платформа қалыптасып отырғанын көрсетті. Іс-шара «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және ҚСПП-ның қолдауымен өтті.

 

view 70
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.