«Атамекен» мен Бельгия бизнесі агроөңдеу және экологиялық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты талқылады
Астанада «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың «БеНиЛюкс» Сауда палатасының президенті Денис Ван ден Вейхпен және бельгиялық компаниялардың өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесу Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылды.
Негізгі назар іскерлік байланыстарды дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға, ауылшаруашылығы шикізатын терең өңдеуге және экологиялық технологияларды енгізуге аударылды. Кездесуге «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов та қатысты.
Қанат Шарлапаев Бельгияның Еуропалық одақтағы Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі екенін және республика экономикасына инвестиция салатын ірі елдер арасында алтыншы орын алатынын атап өтті. 2005–2025 жылдары бельгиялық инвестициялардың көлемі шамамен 15 млрд АҚШ долларын құрады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 27,6%-ға өсіп, 582,4 млн АҚШ долларына жетті.

Құрылыс технологияларын талқылау барысында Қанат Шарлапаев Ақтөбеде итальяндық серіктестердің қатысуымен құрылған және бүгінде қазақстандық басқарумен жұмыс істейтін кәсіпорын туралы айтты. Кәсіпорын қой жүнінен табиғи жылу оқшаулағыш материал шығарады. Оның айтуынша, мұндай өндіріс көбіне тасталатын немесе өртелетін қолжетімді шикізатты пайдалануға мүмкіндік береді және ESG қағидаттарына сәйкес келеді. Бельгиялық компанияларға тұрғын үй құрылысында жүннен жасалған жылу оқшаулағышты қолдану мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Қазақстан тарапы өндірушілердің байланыс деректерін беруге және өнім үлгілерімен танысуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Сондай-ақ жылу оқшаулағыш материалдар өндіру үшін күріш қауызының әлеуеті атап өтілді. Бұл ретте Ұлттық палата басшысы күріш қауызын жылу оқшаулағыш материалға айналдыру үшін жеке өндірістік желі құру қажет болатынын, ал жүннен жасалатын жылу оқшаулағыш өндірісі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрғанын нақтылады.
«БеНиЛюкс» Сауда палатасының президенті Денис Ван ден Вейх Қазақстан тарапымен өзара іс-қимылдың көп жылдан бері жалғасып келе жатқанын атап өтті.
«Біз сіздермен көптеген жыл бойы түрлі бағыттар бойынша ынтымақтасып келеміз. Ұлттық палатамен ынтымақтастықты жалғастыруға қуаныштымын», — деді ол.

Денис Ван ден Вейх отырыстары жыл сайын өткізілетін Іскерлік кеңестің жұмысы және өңірлік агенттіктердің қолдауымен бельгиялық іскерлік миссияларды ұйымдастыру туралы айтты. Ол мемлекеттік сапар аясында өтіп жатқан осы миссияның ерекше маңызын атап өтіп, 13 қазанда бельгиялық делегацияның кеңейтілген құрамы қатысатынын хабарлады. Компания өкілдеріне ықтимал әріптестік бағыттары мен қолдаушараларын одан әрі пысықтау үшін өз қызметі және Қазақстанмен ынтымақтастық жоспарлары туралы таныстыру мүмкіндігі берілді.
De Smet Engineers & Contractors компаниясының бас директоры Димитри де Сюрэмен кездесу барысында майлы дақылдарды өңдеу, өсімдік майларын өндіру, қант қызылшасымен астықты өңдеу салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қарастырылды. Компания технологияларды әзірлеу мен жобалаудан бастап өнеркәсіп нысандарын салуға және пайдалануға беруге дейінгі кешенді инженерлік шешімдерді ұсынады.

Бидайды терең өңдеу зауытын салу үшін инжиниринг, технологиялар трансфері және жабдық жеткізу жөнінде De Smet Engineers & Contractors пен Qostanai Grain Industry арасында жасалатын негіздемелік келісімге ерекше назар аударылды. Келісімге қол қою 13 қазанға жоспарланған.
Ecosteryl компаниясының президенті Оливье Дюфраснмен медициналық қалдықтарды залалсыздандыру және қайта өңдеу технологияларын енгізу перспективалары талқыланды. Қазақстан үшін қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін жаңғырту, дәстүрлі өртеудің баламаларын қолдану және қайта өңдеуді дамыту өзекті. Бельгиялық компанияның шешімдері ірі медициналық орталықтар мен өңірлік ауруханалар үшін қызығушылық тудыруы мүмкін.
Екі елдің іскер топтары арасындағы өзараіс-қимылды нығайтудың маңызды алаңы ретінде Қазақстанның Сыртқы сауда палатасымен «БеНиЛюкс» Сауда палатасы 2023 жылғы мамырда құрған Қазақстан–Бельгия Іскерлік кеңесі аталды. Оның төртінші отырысы 13 қазанда Астанада өтеді.
«Атамекен» ҚР ҰКП әріптестікті одан әрі дамытуға және қазақстандық әрі бельгиялық компаниялардың нақты бірлескен бастамаларын пысықтауға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.