ҚССП мен Оман Сауда-өнеркәсіп палатасы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
2026 жылғы 5 қазанда Астанада «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Оман Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаевтың Оман делегациясымен кездесуі аясында жасалды. Меморандумға Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов пен Оман Сауда-өнеркәсіп палатасының Басқарма төрағасы шейх Фейсал Абдулла Әл-Рауас қол қойды.
Қол қойылған меморандум екі ел кәсіпкерлері арасында тікелей байланыстарды дамыту, іскерлік миссиялар мен инвесторлардың кездесулерін ұйымдастыру, көрмелер мен инвестициялық форумдарға қатысуға жәрдемдесуді көздейді. Сондай-ақ құжат коммерциялық ақпаратпен және экспортты ілгерілету тәжірибесімен алмасуды қамтиды.
Уағдаластықтарды іске асыру үшін тараптар нақты бастамалар, мерзімдер және нәтижелілік көрсеткіштері қамтылған бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге ниетті.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды дамыту және бірлескен инвестициялық жобалардың перспективаларын талқылады. Ынтымақтастық бағыттары ретінде туризм, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект, агроөнеркәсіп кешені, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, құрылыс және логистика атап өтілді.
Қазақстан тарапы Оман кәсіпкерлеріне серіктестер іздеуге және Қазақстан нарығына шығуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді. Астық, органикалық және ет өнімдерін жеткізуді кеңейту, өңдеу өндірістері мен агрологистикалық инфрақұрылымды дамыту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.