bg
bg
Басты бет Жаңалықтар Нетворкинг-сессия: Қазақстан...

Нетворкинг-сессия: Қазақстан мен Вьетнам арасындағы іскерлік ынтымақтастық перспективалары талқыланды

img

Ағымдағы жылдың 27 қаңтарында Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшілігінің және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының қолдауымен Алматы қаласындағы «Атамекен» ҰКП Өңірлік кеңсесінің алаңында Вьетнам Ұлттық кәсіпкерлер қауымдастығының (VINEN) өкілдерімен нетворкинг-сессия өтті.

Құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшісі Қанат Тұмыш екіжақты байланыстардың серпінді дамуын атап өтіп, сауда-экономикалық әріптестікті нығайтудың маңыздылығын жеткізді. Қазіргі уақытта Вьетнамда қазақстандық капиталдың қатысуымен «Cottecons» және «Kusto Group» атты екі компания жұмыс істейді. Сонымен қатар, Қазақстанда «VinGroup», «Sovico Group», «Crystal Bay Tourism Group», «ROX Group» және «Mareven Food Central» секілді вьетнамдық компаниялардың қатысуымен алты инвестициялық жоба іске асырылуда. Вьетнам мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы қолданыстағы еркін сауда туралы келісім сауда кедергілерін азайтуға және логистикалық байланыстарды дамытуға қолайлы жағдайлар жасауда.

Өз кезегінде «VINEN» Төрағасы Динь Вьет Хоа ынтымақтастық үшін жоғары әлеует бар екенін атап өтті. Ол екі елдің іскер топтары арасында өзара іс-қимылды кеңейтуге және тұрақты B2B іс-шараларын өткізуге дайын екенін растады. Сонымен қатар, тәжірибе алмасудың, нарықты зерделеудің және бірлескен тренингтер ұйымдастырудың маңыздылығын айтып, қазақстандық компанияларды вьетнам тарапы ұйымдастыратын іскерлік іс-шараларға қатысуға шақырды.

Қазақстан Республикасының Сыртқы сауда палатасының АСЕАН елдеріндегі арнайы өкілі Серік Әміровтың айтуынша, халқы шамамен 102,3 млн адамды құрайтын Вьетнам Социалистік Республикасы өткен жылдың қорытындысы бойынша АСЕАН елдері арасында жалпы ішкі өнім өсімі бойынша көшбасшы болып отыр. Елдің жалпы ішкі өнімі 8,02%-ға өсіп, 514 млрд АҚШ долларын құрады. 2025 жылы елге тартылған шетелдік инвестициялар көлемі 38,4 млрд АҚШ долларына жетсе, сыртқы сауда айналымы 930 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл ел өзара тиімді ынтымақтастық үшін зор әлеуетке ие.

Анықтама: Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың 11 айында Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сыртқы сауда айналымы шамамен 737,3 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт – 109,1 млн АҚШ доллары, импорт – 628,2 млн АҚШ доллары.

Кездесу барысында «Атамекен» ҰКП Өңірлік кеңсесі директорының орынбасары Олег Руденко байланыстар орнатуға, сауданы ынталандыруға, сондай-ақ Вьетнамнан Қазақстанға инвестициялар мен технологиялар тартуға қолдау көрсету мүмкіндіктерін таныстырды.

Өз кезегінде Вьетнамның тоқыма және тігін өнеркәсібі қауымдастығының төрағасы Ву Дюк Зан кооперация үшін жоғары әлеуетті атап өтті. Тараптар шикізат пен дайын өнім жеткізу, сондай-ақ бірлескен өндірістер құру мүмкіндіктерін бірлесіп пысықтауға уағдаласты.

Іс-шара аясында «Almaty Invest» өкілі Исатай Адресов пен «ҚР Экспорттаушылар қауымдастығының» өкілі Гүлмира Юсупова Вьетнамға ықтимал жеткізу үшін Қазақстан Республикасының инвестициялық жобалары мен экспорттық тауар позицияларын таныстырды.

Өткен B2B кездесулердің қорытындысы бойынша қазақстандық және вьетнамдық компаниялар арасында жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру, ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау және басқа да салаларда өзара іс-қимылды жалғастыру және бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде алдын ала келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ инвестициялық және сауда келісімдерінің мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі талқылау үшін екі елдің іскер топтары арасында экономика салалары бойынша нысаналы B2B кездесулерін кейіннен өткізу туралы келісім жасалды.

view 191
logo
close
Ваша заявка была успешно отправлена

Мы уже обрабатываем вашу заявку.