Малайзия Орталық Азиядағы экспорттық позициясын нығайтып келеді
11–13 қараша күндері Алматыда өткен FoodExpo Qazaqstan 2026 халықаралық көрмесінде Малайзия халал стандартына сай жоғары сапалы азық-түлік өнімдері мен сусындарды, премиум санаттағы ингредиенттерді, инновациялық тұтыну тауарларын, оларды өндіру технологияларын және қоғамдық тамақтану саласындағы франчайзингтік ұсыныстарын таныстырды.
Көрмеге азық-түлік өнімдері мен сусындар өндіретін 50-ге жуық малайзиялық компания, соның ішінде микро, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. Көрме компанияларға әлеуетті серіктестермен байланыс орнатуға және Орталық Азия мен Еуразияның өзге елдеріндегі жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктерін зерделеуге жол ашты.
Қатысушылар арасында Julie’s Manufacturing Sdn Bhd, Secret Recipe Cakes & Cafe, Marrybrown, Spritzer Group, Kawan Food, Happy Alliance, My Bizcuit, The Vida World, Ace Canning, Serba Wangi және Etika Dairies секілді танымал брендтер мен компаниялар болды.
Малайзия делегациясының құрамына Ішкі сауда және өмір сүру құны министрлігінің (KPDN), Кәсіпкерлік пен кооперативтерді дамыту министрлігінің (KUSKOP), Малайзияның Сыртқы сауданы дамыту корпорациясының (MATRADE), Шағын және орта бизнес банкінің (SME Bank) және Малайзияның орта буындағы компаниялар консорциумының (MCMTC) өкілдері де кірді. Делегация құрамы өңірде малайзиялық бизнестің мүдделерін ілгерілетуде мемлекеттік мекемелер мен іскерлік бірлестіктердің атқаратын рөлін көрсетеді.
MATRADE бас атқарушы директоры Дато Индера Абу Бакар Юсоф FoodExpo Qazaqstan 2026 көрмесіне қатысу Малайзияның сауда бағыттарын әртараптандыру және Орталық Азия нарығындағы малайзиялық өнімнің орнын нығайту жолындағы маңызды қадам болғанын атап өтті. Малайзия экспорт географиясын кеңейтіп жатқан кезде Қазақстан Орталық Азия нарығына шығудың стратегиялық бағытына айналып келеді. Халқы 80 млн адамнан асатын өңірде тұтынушылық сұраныс артып, халықаралық сауда мүмкіндіктері кеңеюде. Бұл ынтымақтастықты тереңдетуге және малайзиялық экспорттаушылардың жаңа нарықтарға шығуына жағдай жасайды.
Ресми деректерге сәйкес, 2026 жылғы қаңтар–қыркүйекте Қазақстан мен Малайзия арасындағы тауар айналымы шамамен 122,6 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі 17,5 млн, ал импорт көлемі 105,1 млн АҚШ долларына жетті. Қазақстанда малайзиялық капиталдың қатысуымен құрылған 34 компания жұмыс істейді.
Малайзия делегациясы Қазақстан–Малайзия бизнес-форумына да қатысты. Форумды MATRADE Қазақстандағы Малайзия елшілігімен, «Атамекен» ҚР ҰКП және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасымен бірлесіп ұйымдастырды. Форумға қатысушылар Қазақстанның іскерлік ортасымен, нарыққа шығу талаптарымен, Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) нормативтік-құқықтық базасымен және өңірлік логистикалық байланыстармен танысты. Сондай-ақ әлеуетті іскерлік серіктестермен кездесті.
MCMTC президенті Мартин Ангтың айтуынша, Қазақстан Орталық Азияда өз қызметін кеңейтіп, тамақ және өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласында ұзақ мерзімді серіктестік орнатып жатқан малайзиялық компаниялар үшін маңызды іскерлік орталық саналады.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының АСЕАН елдеріндегі арнайы өкілі Серік Амиров малайзиялық бизнеспен серіктестік қазақстандық компанияларға халқы 680 млн адамнан асатын Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына шығуға қосымша мүмкіндік беретінін атап өтті. Жаһандық жеткізу тізбектері әртараптанып, АСЕАН елдерінің экономикасы тұрақты өсіп жатқан кезде Малайзияның стратегиялық орналасуы айрықша маңызға ие. Елдің дамыған өндірістік базасы мен инфрақұрылымы, қолданыстағы еркін сауда туралы келісімдері және шағын әрі орта бизнестің экономикадағы елеулі рөлі қазақстандық кәсіпорындарға өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуге және ұзақ мерзімді өсімге қол жеткізуге жағдай жасайды.
Іс-шаралар мен B2B кездесулерінің қорытындысы бойынша тараптар малайзиялық тауарларды Қазақстанға жеткізу және оларды кейін Орталық Азия елдерінде тарату мүмкіндігі туралы уағдаласты. Сондай-ақ қазақстандық өнімді Малайзияда өткізу және АСЕАН елдерінің нарықтарына шығару жөнінде келісімге келді. Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін бірлескен кәсіпорындар құру туралы алдын ала уағдаластықтарға қол жеткізілді. Тараптар Алматыда Malaysian House ашу жобасын да талқылады.