6 декабря

Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінің кезекті 12-ші отырысы

 

Үстіміздегі жылы 6 желтоқсанда Парижде француз тарапының тең төрағасы, «Vicat» компаниясының президенті Ги Сидостың басшылығымен Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінің (ҚФІК) кезекті 12-ші отырысы өтті. Қазақстан тарапынан Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, ҚР-дың Страсбург қаласындағы Бас консулы Анель Бақытбекқызы, Париждегі «Атамекен» ҰКП өкілі Галымжан Дугалов қатысты. Қазақстан Елшілігінің қолдауымен MEDEF International кәсіпкерлер қауымдастығы ұйымдастырған іс-шара 70-тен астам қатысушылардың басын қосты. Олардың арасында Францияның жетекші компанияларының, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері де болды. 

Ги Сидос Іскерлік кеңестің жылдық қызметін қорытындылай келе, қазақстандық тараптың тең төрағасы Айдан Кәрібжановпен француздық компаниялардың Қазақстанға екі бизнес-миссиясын, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының отырысын дайындауға және #Франция президенті Э.Макронның Астанаға ресми сапарын ұйымдастыруға бірлесе атқарған жұмысы жөнінде хабардар етті. 

Елші Г.Арыстанқұлова өзінің алғы сөзінде Іскерлік кеңеске Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге және кеңейтуге қосқан қомақты үлесі үшін алғысын білдірді. Өзара бірлескен белсенді күш-жігердің арқасында Франция президентінің ҚР-ға ресми сапарының экономикалық күн тәртібін жаңа сапалы мазмұнмен толтықтыруға мүмкіндік бергені атап өтілді.
Француз басшысының сапары барысында бірқатар маңызды бірлескен жобаларға, соның ішінде #TotalEnergies компаниясының Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу, ҚР өңірлерінде #Alstom компаниясының сервистік орталықтарын құру, сондай-ақ «Boehringer Ingelheim» компаниясымен ветеринарлық вакцина өндіру сияқты жобаларға жаңа серпін берілгені баса айтылды. Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарға,  атап айтқанда, Атамекен» ҰКП мен MEDEF International арасындағы сапар барысында қол қойылған тиісті екіжақты ведомствоаралық декларация мен меморандум негізінде стратегиялық материалдар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. 

Қазақстан Елшісі Францияның іскер қауымдастығын АӨК, ТКШ, экология, денсаулық сақтау, көлік және логистика салаларындағы жаңа жобаларды іске асыру жолымен, сондай-ақ ҚР Үкіметімен елімізде өз қызметінің шарттары туралы келісім жасасқан Француз даму агенттігінің желісі бойынша ынтымақтастықтың жоғары серпінін сақтауға шақырды. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының Үкімет жанындағы инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің өкілеттіктері туралы Жарлыққа қол қоюына, сондай-ақ #Қазақстан экономикасының инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған басқа да шараларға назар аударылды. 

Өз кезегінде француз серіктестері өз жобаларының ағымдағы жай-күйі туралы ақпарат беріп, ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарына қатысты көзқарастарымен бөлісті. Отырысқа қатысушылар соңғы жыл экономикалық өзара іс-қимылдың айтарлықтай жандануымен ерекшеленгені және оған Президент Қ.Тоқаевтың 2022 жылы Францияға және президент Э.Макронның ағымдағы жылғы қарашада ҚР-ға сапарлары күшті серпін бергені туралы ортақ пікірге келді. 

Инвестициялық ахуалды және жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларды оң бағалай отырып, #AirLiquide, #Idemia, #Thales және #Semmaris сияқты компаниялардың өкілдері қазақстандық тарапқа елімізде жобаларды табысты іске асыруға үнемі назар аударып, қолдау көрсеткені үшін алғыстарын жеткізді. 

ҚФІК отырысының қорытындысы бойынша екіжақты келісімдерді жүзеге асыру барысын, сондай-ақ жаңа жобалар мен бастамаларды пысықтау үшін тұрақты байланыстарды қолдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. 

Іс-шара аясында Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі үшін ҚФІК бұрынғы тең төрағасы Ив-Луи Даррикаррерге II дәрежелі «Достық» орденін тапсыру салтанатты рәсімі өтті. 

ҚФІК екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету үшін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.